«Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған «Сөз өнері» халықаралық әдеби форумы өтт

2024 жылдың 27-28 қараша күндері Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен қазақ баспасөзінің алтын арқауы болған «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған халықаралық «Сөз өнері» әдеби форумы өтті. Маңызды шараға қазақ қаламгерлерімен қатар, көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанның жазушылары мен ғалымдары арнайы келіп, қазақ баспасөзінің тарихы мен оның қазіргі қоғамдағы рөлі жайында кеңінен пікір алмасты. Форумның бірінші күні «Қазақ әдебиетінің көкжиегі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел басында қазақ әдебиетінің қазіргі жай-күйі мен болашағына қатысты маңызды пікірлер айтылды. Алдымен, форумға қатысушылар «Қазақ баспасөзі: 110 жылдық тарих» тақырыбында жасақталған көрмені тамашалап, басылымның шығуына елеулі үлес қосқан Алаш қайраткерлерінің еңбектері мен газет парақтарындағы құнды деректермен танысты.

Жиынды ашып, жүргізген Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов бұл басылымның қазақ қоғамына тигізген тарихи ықпалын атап өтіп, өткен ғасырдың басында білім мен ғылымды халыққа жеткізуде, мәдениет пен әлеуметтік ахуалды жақсартуда үлкен рөл атқарғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ол қазақтың ұлттық баспасөзінің болашағына деген үмітін білдіріп, Жазушылар одағының бүгінгі жұмыстары мен жетістіктеріне тоқталды.

Келесі сөз алған М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымы, филология ғылымының докторы Гүлжаһан Орда өз баяндамасында «Қазақ» газетінің тарихына, Алаш қайраткерлерінің басылымға қосқан үлесіне жан-жақты тоқталды. Газеттің 1913-1918 жылдар аралығындағы еңбегі мен оның қоғамға әсері, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов және басқа да зиялы қауым өкілдерінің рөлі туралы маңызды мәліметтер ұсынды.

Алқалы жиында сөз алғандардың ішінде филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, жазушы Сәуле Досжан, Тұрысбек Сәукетай, Әділғазы Қайырбеков, Жұмабай Құлиев, сатирик Қазыхан Әше «Қазақ» газетінің Қазақстанның мәдениетіне, әдебиетіне қосқан үлесін және оның бүгінгі және болашақтағы маңызын атап өтті. Форумның екінші күні «Сөз өнері» атты халықаралық әдеби форумның салтанатты жиыны болып өтті. Форум модераторлары Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов және орынбасары Ғалым Қалибекұлы келесі айда аталып өтілетін Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойы туралы ақпарат беріп, алыс-жақын шет елдерден келген қонақтармен таныстырды. Яғни, бауырлас елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту және әдебиет саласындағы ынтымақтастықты арттырудың маңыздылығына тоқталды.

Алғашқы болып сөз алған Мереке Әбдешұлы форумға қатысушы қауымға Жазушылар одағының басқармасы мен жалпы қаламгерлер атынан алғыс айтып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Соңынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді. Келесі болып мінберге көтерілген Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев, алдымен, қала әкімі Ерболат Досаевтың құттықтау хатын табыс етіп, алып мегаполистегі әдеби-мәдени шаралардың барысы, соның ішінде ақын-жазушылардың қала өміріндегі алар орны мен қосар үлесі жайлы ілкімді ойларын ортаға салды. Форумға қатысқан Қырғызстан Республикасының Ел жазушысы, республика Президентінің кеңесшісі Арслан Қойшиев пен Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымының докторы Ануар Буранов «Қазақ» газетінің Орта Азия елдеріне тигізген ықпалы жайлы өз пікірлерімен бөлісті. Арслан Қойшиев Алаш қайраткерлерінің қырғыз халқына жасаған көмегі жайлы айта келе, Тұрар Рысқұлов пен Санжар Асфандияровтың қызметін ерекше атап өтті. Студент кезінде-ақ «Алпамыс батыр» дастанын өзбек тіліне тәржімалаған Ануар Буранов «Қазақ» газетінің түркі дүниесінің мақтанышы болуға лайық екендігін айтты.

Scroll to Top