
Қазақстан Жазушылар одағында «ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН» немесе ұлттық құндылықтар жазушылардың қаламымен» атты республикалық ғылыми-танымдық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының басшылығы, ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, этнограф ғалымдар қатысып, өз пікірлерін білдірді.
Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов ашып, Төраға орынбасары Қасымхан Бегманов жүргізді.
«Бұл дөңгелек үстелдің тақырыбы бүгінгі күнде бәрімізді алаңдатып жүрген өте терең, өте ірі тақырып. Біз ұлттық құндылық деген сөзді жан-жақты түсінуіміз керек. Мысалы, Тәуке ханның кезінде «Жеті жарғы» деген қазақ халқына арналған заң шыққаны бәрімізге мәлім. Бұл заңның ең басты нысаны – ұрпаққа тәрбие беру мәселесі. Келешек ұрпаққа тәрбие беру арқылы өзінің тарихын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сүюге үйрету. Басқа халықтарда да бар шығар, бірақ қазақ халқында ерекше екі нәрсе бар. Оның бірі ырым, екіншісі тыйым. Қазақ кез-келген адамның аузынан шыққан сөзді де ырым көрген. Жас баланың жақсы қасиеттерін көрсе «үлкен азамат болып өседі» деп ырымдаған. Тыйым да қазақта өте үлкен рөл атқарған. «Біреудің ала жібін аттама», «қызға қырық үйден тыйым» деген сынды бірауыз сөзбен бүкіл ұлтты тәрбиелеген. Қазіргі таңда осындай қасиеттерді жастардың бойына сіңіру үлкен мәселе болып тұр» — деді Мереке Құлкенов.
Дөңгелек үстелге қатысушылар «Ұлттық құндылықтарымыз – салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім, ата-баба тәрбиесі, заң қағидасы, табиғатпен сырласу, дәстүрлі қолөнер, музыка, ойын-сауық, той-думан, ұлттық киімі мен қазақы дастарқан – жазушылардың, ақындардың, драматургтердің көркем туындыларында қандай көрініс тауып отыр? Бұл бағытта зиялы қауымның, әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерінің атқарар миссиясы қандай?» деген сынды қоғамды толғандырған түйіткілді мәселелерді талқылады.
Ақын Қасымхан Бегманов «Дәстүр трансформациясы баспасөзде», жазушы-публицист Марат Тоқашбаев «Бүгінгі қазақ жазушыларының шығармаларындағы этнография тақырыбы», этнограф ғалымдар Бибизия Қалшабаева «Жоғары оқу орындарындағы ұлттық тәрбие», Досымбек Қатран «Қазақ фольклорында – дәстүрдің орны», Сәкен Алдашбаев «Ұлттық құндылықтардың шығу тарихы немесе ырым жасау дұрыс па?», Раушан Каршалова «Ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі аналардың рөлі», сыншы Светлана Ананьева «Актуальные проблемы преподавания казахской литературы в русских школах Казахстана», ақын Сәрсенбек Бекмұратұлы «Ұлттық дәстүрді жаңғырту» деген тақырыптарда баяндама жасады.