ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ 2023 ЖЫЛҒЫ ӘДЕБИ ЖЫЛ ҚОРТЫНДЫСЫ ӨТТІ

19-сәуір күні Қазақстан Жазушылар одағының «КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ: ТАЛАП ПЕН ТАЛҒАМ» атты, 2023 жылғы әдеби жыл қортындысы жиыны өтті.

Оған Алматыдағы қалың ақын-жазушымен бірге Астанадан және облыстардан келген ақын-жазушылар, әдебиеттанушы ғалымдар, журналистер қатысты.

Әдеби жыл қортындысы жиынының төралқасына Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасарлары Нұржан Қуантайұлы, Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибекұлы, Бауыржан Жақып, Бейбіт Сарыбай және Басқарма хатшылары Тұрысбек Сәукетай, Әлия Бөпежанова, Жүсіпбек Қорғасбек, Қансейіт Әбдезұлы, Маралтай Райымбекүлы, Дәурен Қуат, Бигелді Ғабдуллин, Қали Сәрсенбай, Ерлан Жүніс, Фархат Тамендаров, Әлия Дәулетбаева шақырылды.

Салтанатты жиынды Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, белгілі жазушы Нұржан Қуантайұлы ашып, бастан-аяқ жүргізіп отырды. Ол Астанада қырғыз елінің мәдени күндері өтіп жатқанын, соған Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров келіп, екі елдің Президентінің қатысуымен осы күні Астанада қырғыздың халық қаһарманы Манастың екерткіші ашылатынын, соған Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов те қатысатынын, осы себепке орай әдеби жыл қортындысының бүгінгі жиынына қатыса алмай қалғаны үшін Басқарма төрағасының қаламгер қауымынан ғафу сұрайтынын жеткізді.

– Былтырғы әдеби жыл процесінің жүгі мол болғанын жақсы білесіздер.  2023 жылдың мамыр айының 12-ісінде Қазақстан Жазушылар одағының XVI құрылтайында одақтың жаңа құрамы сайланды, – деді өз сөзінде Нұржан Қуантайұлы. – 2023 жылы Мәдениет министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігі бастап, бірнеше облыс әкімдігінің көмегімен, кейбір баспалардың өз қаржысымен біздің ақын-жазушылардың кітаптары жарық көрді. 35 қалам қайраткеріне Президент стпендиясы, Алматыда тұратын 400 жазушыға, Астанада тұратын 170 жазушыға қала әкімдерінің мемлекеттік стипендиясы берілді, бес жыл бұрын Алматы қаласы әкімдігі қолға алған бұл үрдісті Астана қаласының әкімдігі жалғастырып әкетті, биыл бірнеше облыс әкімдігі де қаламгерлерге стипендия тағайындамақ, әрине, мұның бәрі Жазушылар одағының мұрындық болуымен атқаралып жатқан іс екені белгілі. Еліміздегі үш мегаполис: Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, он жеті облыста әдеби процеске қатысты жиындар, дәстүрлі іс-шаралар өз кезегімен өтіп жатыр.

Бұдан кейін Нұржан Қуантайұлы былтыр «Простор» әдеби журналының, биыл «Қазақ әдебиеті» жарық көргеніне 90 жыл толғанын, қос басылымның да салтанатты жиындары өткенін жеткізді. Былтыр Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл, Мағжан мен Сұлтанмахмұттың туғанына 130 жыл, «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірінің шыққанына 110 жыл, жазушылар Кемел Тоқаев, Тахауи Ахтанов, Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл, Әкім Таразидың туғанына 90 жыл, Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толғанын, бәрінің мерейтойлары аталып өтілгенін айтты.

– 2023 жылы жас қаламгерлерге мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында тұңғыш рет Президенттік арнаулы әдеби сыйлық тағайындалды. 18 бен 35 жас аралығындағы, жас қаламгерлерге арналған бұл әдеби сыйлық «Балалар әдебиеті», «Драматургия», «Поэзия», «Проза» номинациялары бойынша былтыр күзде табыс етілді. Бұл әдеби байқау биыл да өткізілмек. Республикалық «Айбоз» әдеби сыйлығы былтыр екінші мәрте өткізіліп, жеті номинация бойынша сыйлықтар берілді. Жастарға арналған, бұдан да басқа, дәстүрлі «Алтын тобылғы», «Алтын сақа», «Айтұмар» байқаулары былтыр да өткізілді. Қазақстан Жазушылар одағының мұрындық болуымен өңірлерде облыстық әкімдіктердің ақын-жазушыларға жыл сайын атаулы әдеби сыйлық тағайындау іс-шарасы қолға алынғаны мәлім. Мысалы, Ақтөбе облысының әкімдігі былтыр төртінші жыл әдеби сыйлық табыстады. Шымкент қаласында, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында да сыйлықтар тағайындалған, былтыр Павлодар облысының әкімдігі осы дәстүрді іліп әкетті, бұйыртса, Павлодар облысында биыл 10 номинация бойынша әдеби сыйлық тағайындалмақ. Биыл Жамбыл, Алматы облыстарының әкімдіктері де осыны қолға аламыз деп отыр.

Ұлттық спорт қауымдастығы және Қазақстан Жазушылар одағы бірлесе отырып қаламгерлер арасында жеті номинация бойынша «Құлагер» республикалық әдеби байқауын жариялады. Осындай тағы бірнеше әдеби байқаудың жобасы дайын, тиісті жерлерге ұсынылып жатыр. Тағы бір жаңалық: «Жалын» журналы биылдан бастап Жазушылар одағына өтті, енді осы әдеби журнал одақтың құрылтайшылығымен жарық көре бастайды, – деді Нұржан Қуантайұлы.

Жиында ақын-жазушылар екі әдеби жыл қортындысы арасындағы бір жылдың ішінде Жазушылар одағының дүниеден өткен мүшелерін орындарынан тұрып, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Әдеби жыл қортындысында жанрлар бойынша мағынасы терең, мазмұнды он үш баяндама жасалды. Поэзия жанры бойынша ақын Мырзан Кенжебай, проза жанры бойынша  жазушы Сәкен Сыбанбай, драматургия жанры  бойынша театртанушы  ғалым Амангелді Мұқан, сын жанры бойынша әдебиеттанушы ғалым Сәмен Құлбарақ, детектив жанры бойынша жазушы Айнагүл Садықова, деректі проза жанры бойынша жазушы Өтеш Қырғызбай, сатира жанры бойынша жазушы Қазыхан Әше, көркем аударма бойынша ақын, аудармашы Саят Қамшыгер, балалар әдебиетінен жазушы Баян Болатханова мен ақын Қайырбек Шағыр, орыс әдебиеті бойынша жазушы Василий Шупейкин, ұйғыр әдебиеті бойынша  сыншы Рахметжан Юсупов, шетелдегі қазақ әдебиеті бойынша ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы баяндамалар жасады. Баяндамалар «Қазақ әдебиеті» газетінің алдағы нөмірінде, толық нұсқалары осы газеттің сайтында жарық көрмек.

Баяндамалардан кейін, жарыссөзге келгенде Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов жиынды жүргізді. Бүгінгі әдеби процесс туралы пікірлер айтылып, белгілі ақын-жазушылар жарыссөзге шығып, сөз сөйледі. Олардың ішінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Кәдірбек Сегізбай, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, Қазақстанның Халық жазушысы Любовь Шашкова, белгілі сыншы Әмірхан Меңдеке, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының өкілі, жазушы Серік Елікбай, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Ана тілі» газетінің бас редакторы, ақын  Ерлан Жүніс бар.    

Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табысталды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын ақын Ғайсағали Сейтақ, жазушы Өмір Кәріпұлы, ақын Сұраған Рахметұлы, жазушы Жарасбай Сүлейменов, ақын Мұрат Шаймаран, әдебиеттанушы Жұмат Тілепов, ақын Нұртас Исабаев, жазушы Төрехан Майбас, ақын Әлия Дәулетбаева, жазушы Серік Елікбай, ақын Ербол Алшынбай, сатирик жазушы Берік Садыров, ақын Әубәкір Смайылов, жазушы Тынымбай Төлепбай, ақын Егеухан Мұхамәдиқызы, жазушы Болатбек Төлепберген, ақын Ғайни Әлімбекова, жазушы Жалғасқали Дүтмағамбетов, ақын Дариға Мұштанова, жазушы Момбек Әбдәкімұлы және жазушы Александр Карлюкевич алды. Сонымен бірге бірнеше қаламгер «Қазақстанның құрметті жазушысы»  атағымен марапатталды. Әдеби жыл қортындысының салтанатты жиыны жоғары деңгейде өтті.

Scroll to Top