
Кеше Қазақстан Жазушылар одағында танымал ресейлік жазушы Гузель Яхинамен әсерлі кездесу өтті. Жазушының «Зулейха открывает глаза», «Дети мои», «Эшелон на Самарканд» сияқты шығармалары қазақстандық оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие болып, жоғары бағаланып келеді. Жазушының «Самарканға бағыт алған эшелон» романы қазақ оқырмандарына жол тартты.
Бас қосуды Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов ашып, қонақты ерекше ықыласпен таныстырып, оның шығармашылығының тереңдігі мен маңыздылығына тоқталды. Мереке Құлкенов Гузель Яхинаның шығармаларының тек көркемдік құндылығын ғана емес, олардың мәдени және тарихи маңыздылығын ерекше атап көрсетті.
Кездесуде әйгілі қазақ жазушысы Дулат Исабеков сөз сөйлеп, Қазақстан мен Ресей жазушылары арасындағы шығармашылық байланыстың маңыздылығына тоқталды. Ол Гузель Яхинаның шығармаларын жоғары бағалап, оның әдебиетке қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Жазушы Мағира Қожахметова Гузель Яхинаның Қазақстанға келуі туралы өз әсерлерімен бөлісіп, оның шығармашылық өміріне қатысты қызықты жайттарды баяндады.Ақын Бақытжан Қанапиянов Гузель Яхинаның шығармаларын татар және қазақ тілдеріне аударудың маңыздылығын айтып өтті.
Соңында Мереке Құлкенов қазақтың ұлттық дәстүрі бойынша Гузель Яхинаға кәжекей кигізіп, орамал жапты. Бұл символдық сыйлық жазушыға үлкен құрмет көрсетуді білдірді және оның Қазақстанға деген ықыласын арттыра түсті.