ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ЖАҢА БЕЛЕСТЕР

Бүгін «Достық» үйінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы әріптестік аясында атқарылып жатқан жобалардың таныстырылымы өтті.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов кіріспе сөзімен ашып, жиынға себеп болып отырған «ТМД елдерінің архивтеріндегі Қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Жазушылар одағына үміткер» атты жобалардың бағытына тоқталып өтті.

«Жиынымыздың аты – «Қазақ әдебиетіндегі жаңа белестер». Бұлай қоюымыздың өзіндік себептері бар. Соңғы жылдары қазақ әдебиеті өрлеу үстінде. Әдебиетіміздегі қай жанрды алып қарасақ та, жаңадан келген жас таланттары әдебиетімізге тың дүниелер әкелуде. Олардың дүниетанымы, өмірді көруі, кейіпкерлерді даралауы, шиеленіскен оқиғалар жасауында ерекшеліктер көп» — деді, М. Құлкенов.

Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Асқар Бөрібаев, ақын Шерхан Талап, жазушы Алмаз Мырзахмет Астанадан арнайы келіп, министр Аида Балаеваның жобаға табыс, қатысушыларға сәттілік тілеген құттықтауын жеткізді. АҚШ-тың Колумбия университеті Шығыс институты ауқымды классрум жобасының аймақтық директоры, профессор Рафис Абазов, Түркияның Мугла Сыткы Кошман университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор доктор Экрем Аян, Қазақтың көрнекті жазушысы Бибігүл Иманғазина, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын, аудармашы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бақытжан Қанапянов сөз сөйледі.

Ал жоба жетекшілері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасарлары Қасымхан Бегманов, Бауыржан Жақып, Ғалым Қалибекұлы, Бейбіт Сарыбай өздері жетекшілік етіп отырған жобалардың мазмұны мен мақсатын таныстырып, өткізу жолдары туралы баяндады.

Сонымен қатар, жобаға қатысушылар атынан белгілі ғалым Құлбек Ергөбек, «Жазушылар одағына үміткер» жобасына қатысатын жас қаламгерлердің, ата-аналардың, тәлімгерлер мен ұстаздардың атынан ақын Гүлнұр Зұлқаршын сөз алып, Президентке арнайы жазған алғыс хатты жеткізді.

Жиын соңында Жазушылар одағына үміткерлерге куәлік пен бағалы сыйлық табысталды. Қазақстан Жазушылар одағына қабылданған жаңа мүшелерге де мүшелік билеттер тапсырылды.

Scroll to Top