
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті ақын, жазушы, драматург, аудармашы және махамбеттанушы Берқайыр Сәлімұлы Аманшиннің 100 жылдық мерейтойына орай Алматыдағы өзі тұрған үй ғимаратының қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Айтулы шара ұлттық мұрамызды дәріптеудің жарқын көрінісі болды.
Салтанатты жиынды Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы жүргізді. Ол өзінің кіріспе сөзінде Берқайыр Аманшиннің қазақ әдебиетіне қосқан елеулі үлесін, оның рухани мұрасын ұлт руханиятының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
Алғы сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов: «Биыл ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан Бердікбек Соқпақбаев және Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қатарында 100 жылдық мерейтойы тойланып жатқан Берқайыр Аманшиннің өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылып жатыр. Бұл – тарихи белгі. Берқайыр Аманшин ең бірінші Махамбет Өтемісұлын терең зерттеген адам. Махамбетті зерттеушілер онша көп емес еді, ең белгілі ғалымдардың ішінде бірінші Халел Досмұхамедов, екінші Қажым Жұмалиев және үшінші бүкіл архивті ақтарған адам осы Берқайыр Аманшин болатын. Махамбет өлеңдерінің текстологиясын жасап, ол туралы керемет роман жазған Берқайыр Аманшин, біз үшін үлкен тұлға, оның 100 жылдық мерейтойын атап өту, бүкіл зиялы қауымның міндеті болса, біз бүгін соны атқарып жатырмыз» деп, Қазақстан Жазушылар одағы атынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне және Алматы қаласы әкімдігіне алғысын білдірді.
Сөз кезегінде Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақтың маңдайалды ақыны Аққұштап Бақтыгереева: «Берқайыр ағамыз 1967 жылдары Жазушылар одағының Оралдағы бөлімшесін басқарған кезде біз жас оқушы едік. Бірде ақын ағамызды алғаш көргенде, менің өлең жазатынымды естіп, ерекше көңіл бөлген еді. Кейінірек, мен оқуымды бітіріп, Оралға барғанымда, Берқайыр ағамыз: «Ақын баланы Алматыға қайтарыңдар, өлең жазады екен!» деп, мені сол кездегі «Қазақ әдебиеті» газетіне әдеби қызметкер ретінде жұмысқа орналастырды. Ізтай Мамбетов ағамыздың бөлімінде қызмет еттім. Ол кісінің Махамбеттануға жасаған еңбегі бір бөлек болса, редакторлық жұмысы да ерекше болатын. Ол әрдайым халықтың көкейінде жүрген, айтылмай жүрген мәселелерді ашық әрі батыл көтеретін. Күлдіргісі келсе күлдірді, ойландырғысы келсе, ойландырды. Оның шығармашылығы бізді терең толғантып, сана-сезімімізді сілкіп, жаңа бір көзқарасқа жетеледі. Ол ұрпақ тарихын ұмыттырмай, қазақ әдебиетінің алтын қорына өзінің қымбат мұрасын қалдырды. Міне, енді осы ашылған ескерткіш тақтадан өтіп бара жатқан әр адам оның есімін біліп, танитын болады. Бұл ескерткіш бізге оның еңбегін ешқашан ұмытпауымыз керектігін ескертеді. Баршамыз осы ұлы тұлғаның рухына тәубе етіп, ризашылығымызды білдіреміз» — деп, ұлт амандығын тіледі. Сонымен қатар, салтанатты шарада Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, Алматы қаласының Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Қалыбеков, Батыс Қазақстан облысынан арнайы келген қонақтар және танымал ақын-жазушылар сөз алып, Берқайыр Аманшиннің шығармашылық мұрасына кеңінен тоқталды. Расында, Берқайыр Аманшиннің «Махамбеттің тағдыры» романына Ғафу Қайырбеков ерекше тоқталып, оны қазақ әдебиетінің биік шыңы деп бекер бағаламаса керек. Салтанатты шара соңында Берқайыр Аманшиннің ескерткіш тақтасы ашылып, шығармашылығынан шабыт алған замандастары, ақын-жазушылар да сөз сөйлеп, оның есімін құрметпен еске алды. Берқайыр Аманшинге арнап орнатылған ескерткіш тақта – қазақ руханиятына қосылған үлкен үлес болды. Бұл тарихи белгі Берқайыр Аманшиннің еңбегін мәңгі есте сақтап, ұлттық әдебиетіміздің алтын қорында жарқырай берері анық.