
Бүгін Қазақстан Жазушылар одағында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Германия Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Франкфурт кітап жәрмеңкесінің Президенті және Бас директоры Юрген Боос, сондай-ақ Франкфурт кітап жәрмеңкесінің негізгі клиенттерді басқару және сату жөніндегі менеджері Владка Купускамен кездесу өтті. Алдымен, Германиядан келген қонақтар Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкеновтың жеке қабылдауында болды. Одан кейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли, Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов, қазақ қаламгерлері, жазушы- аудармашылардың қатысуымен келелі кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында қазақ әдебиетін шетелде таныту, кітаптарды басқа тілдерге аудару мәселелері талқыланды. Франкфурт кітап жәрмеңкесі өкілдері әлемдік әдеби аренада өз шығармаларын танытуға ниет білдірген авторларға жаңа мүмкіндіктер ұсынуға дайын екендіктерін білдірді. Юрген Боос бұл мәселе бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Франкфурт кітап жәрмеңкесінің семинары ұйымдастырылып жатқанын айтып, қазақ тілінен неміс тіліне аударуға арналған мамандардың аздығы туралы атап өтті. Мереке Құлкенов қазақ әдебиетін әлемдік аренада таныту бағытында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ықпалымен Гете атындағы институт көптеген қазақ жазушыларының туындыларын басқа тілге аударуға қолдау көрсетіп келе жатқанын тілге тиек етті.
Комитет төрағасы Рустам Әли өз сөзінде, Германия мен Түркияның кітап жәрмеңкелері мен стендтерімен танысып, көршілес елдердегі кітап индустриясының даму тәжірибесіне ерекше назар аударғанын жеткізді. Кездесу соңында Франкфурт кітап жәрмеңкесі өкілдеріне Қазақстан Жазушылар одағы атынан естелік сыйлықтар табыс етіліп, шетелдік қонақтарға «Қазақ әдебиеті» газеті, «Простор», «Жұлдыз», «Жалын» журналдарының таныстырылымы өткізілді. Маңызды шараны Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов қорытындылап, алдағы уақытта екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың нығая түсетініне сенім білдірді.