
Түркістан қаласында 19 қараша күні Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және «Парасат» орденінің иегері, көрнекті ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдық мерейтойына арналған «Өмірін өлеңімен өрнектеген Ханбибі» атты шығармашылық кеш өтті.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов ашып, жүргізген салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, жергілікті әкімдік және көрермендер белсенді атсалысты. Кеш барысында ақынға Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы атынан құттықтау хат тапсырылып, камзол кигізіліп, орамал сыйға тартылды. Кештің алғашқы сөзін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Алтаев алып, мерейтой иесін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Серік Маманов пен Созақ ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев ақынға құрмет көрсетіп, ізгі тілектерін жеткізді.
Бұл күнде 75 кітабы жарық көрген Ханбибі Есенқарақызы ұзақ жылдар бойы облыстық мұражайда қызмет етіп, ұлттық мәдени мұраны насихаттауда елеулі еңбек сіңірді. Ол Алаш қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов, Жүсіпбек Аймауытов, Нәзір Төреқұлов және Мағжан Жұмабаевтың еңбектерін кириллицаға аударып, алты кітап етіп шығарды. Бұл ел руханиятына қосылған бағалы еңбек. Мерейтой аясында «Фараб» кітапханасының фоэсінде ақынның шығармашылығына арналған кітап көрмесі мен фотокөрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ақынның сөзіне жазылған әндерді әнші-композитор Құралай Сәтмұхамбетова, әншілер Хадиша Шалабаева, Төрехан Бейбарыс және Гүлмира Қалыбековалар нақышына келтіре орындады. Соныдай-ақ, «Конгрессхолл» көпсалалы кешенінің «Жаңа леп» ұжымы ақын шығармаларынан «Ата-ананың қадірі», «Өмірге ғашық жүрекпен», «Найзағайлы түн» атты сазды-поэтикалық қойылымдарын көрермен назарына ұсынды.