«Ғасырлар ғұламалары және Түркістан» көшпелі пленумы өтті

4 желтоқсан күні Түркістан қаласында Қазақстан Жазушылар одағы мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлескен жобасы аясында «Ғасырлар ғұламалары және Түркістан» тақырыбында ерекше маңызға ие көшпелі пленум өтті. Келелі жиынға ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысып, рухани-мәдени мәселелерді талқылады. Пленум барысында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы, белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов ұйымның атқарған қызметтері, алдағы жоспарлары және көшпелі жиынның мақсаттары туралы баяндап өтті. Оның айтуынша, бұл пленум ұлттық әдебиет пен рухани құндылықтарды дәріптеуді, сондай-ақ Түркістанның тарихи-мәдени рөлін тереңірек танытуды көздейді.Сондай-ақ ол: «Бүгін біз «Әділетті Қазақстан» идеясын талқылай отырып, ұлы ғұламалардың даналығы мен Түркістанның рухани маңызын жаңа заманға бейімдеуге жиналдық. Түркістан — тарих пен мәдениеттің куәсі ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы. Қожа Ахмет Ясауи: «Кісі өз кемшілігін түзеп, рухани кемелденеді» деген. Бұл әділетті қоғам құру жолындағы басты қағида болуы тиіс. Әл-Фараби: «Әділеттілік — барлық нәрсенің негізі» деп, заң үстемдігі мен теңдіктің қоғамдағы маңызын көрсеткен. Ал Ибн Сина: «Әділетті қоғамда әр адам өз қадіріне сай орнына ие» десе, әл-Газали әділеттілік арқылы ішкі үйлесімділікке жетуге болатынын айтқан. Абай Құнанбайұлының: «Адам болам десең, арлы бол» деген өсиеті де әділдік пен адамгершілікке негізделген қоғамның маңызын көрсетеді. Біздің міндетіміз — әдебиет пен мәдениет арқылы ұрпақ санасына әділеттіліктің биік үлгісін сіңіру. Ұлы ғұламалардың даналығын негізге ала отырып, «Әділетті Қазақстан» идеясын алға жылжытып, рухани жаңғыру мен теңдікті қоғамға енгізу жолында күш салуымыз қажет» — деді. Мереке Құлкенов жүргізген жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Шерхан Талап министр Аида Балаеваның арнайы құттықтау хатын оқып, жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қойшығара Салғараұлы жиынның маңыздылығы мен оның рухани жаңғыруға тигізер ықпалы жайлы өз ойларын ортаға салды.

Пленумда баяндамашылар рухани, тарихи және әдеби тақырыптарды қамтитын өзекті мәселелерді қозғады. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек: «Қазақ әдебиетін әлемге танытудың алтын қақпасы» тақырыбында әдебиет арқылы Қазақстанды әлемге танытудың маңызына тоқталып, ұлттық әдеби мұрамызды жаһандық деңгейде насихаттау мәселесін көтерді. Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов «Ғұламалар, заманалар, жылдар» тақырыбында түркі дүниесінің ұлы ғұламаларының мұрасы мен олардың замана көшіндегі орны жайлы кең ауқымды шолу жасады. Филология ғылымдарының докторы Серік Елікбай «Әділетті Қазақстан: Әулие Мәшһүр феномені» тақырыбында ұлттық тарих пен әдебиеттегі әділеттілік концепциясын Әулие Мәшһүр Жүсіптің шығармалары арқылы көрсетті. Ал Дінтанушы ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек «Қазақ халқының рухани-мәдени болмысының қалыптасуына Қожа Ахмет Йасауи ілімінің ықпалы» тақырыбында Түркістанның рухани орталық ретіндегі маңызын Йасауи ілімі негізінде түсіндіріп, ұлттық болмысқа оның қосқан үлесін атап өтті. Пленумның ресми бөлімінен кейін қатысушылар Түркістанның мәдени-рухани атмосферасын сезінуге мүмкіндік алды. Құрметті қонақтарға жергілікті өнерпаздардың қатысуымен «Алқоңыр» және «Самғау» би ансамбльдерінің көркем концерттік бағдарламасы ұсынылды. Ән мен жырдан шашу шашқан кеш көпшіліктің көңілінен шықты. Әсіресе, композитор Шерхан Әлібектің жергілікті ақынның сөзіне жазылған «Кешіріңдер, адамдар» әнін орындауы жүректерге жылы тиіп, ерекше әсер қалдырды.

Scroll to Top