Бүгін қазақ руханияты орны толмас қайғыға душар болды. Абайтану мен әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының және «Түркі әлеміне қызмет» халықаралық сыйлығының иегері Мекемтас Мырзахметұлы өмірден озды.
Өмірбаяны мен қызмет жолы
Мекемтас Мырзахметұлы 1930 жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) филология факультетін 1953 жылы, ал аспирантурасын 1964 жылы тәмамдаған.
Ол ұзақ жылдар бойы білім беру және ғылыми-зерттеу саласында жемісті еңбек етті. 1953–1961 жылдары Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, декан және проректор қызметтерін атқарды. 1969–1975 жылдары Қазақ педагогикалық институтында доцент, ал 1975–1991 жылдары М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер және абайтану бөлімінің меңгерушісі болды.
1991–2000 жылдары Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде кафедра меңгерушісі, ғылыми-зерттеу орталықтарының директоры ретінде қызмет атқарып, 2000 жылдан бастап М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде және «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында бас ғылыми қызметкер ретінде еңбек етті.Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми еңбектері қазақ әдебиетінің көптеген салаларын, әсіресе абайтану, мұхтартану, ясауитану және бауыржантану бағыттарын қамтыды. Оның зерттеулерінде Абайдың ақындық зертханасы, мұрасының шығыспен байланысы, мораль философиясы және толық адам ілімі тереңінен зерттелді. Ғалым Қараханидтер дәуірінен бастау алған кемел адам мәселесін Абайдың «толық адам» ілімі арқылы жүйелі түрде талдады.
Мекемтас Мырзахметұлы патшалық Ресейдің отарлау саясатының қазақ халқының тілі мен дініне тигізген әсерін айқындап, «Қазақ қалай орыстандырылды» атты еңбегі арқылы ұлттық сананың оянуына ықпал етті. Сондай-ақ, ол Абай шығармаларын шығыстық тұрғыдан қайта зерделеп, жаңа ғылыми тұжырымдар ұсынды.Ғалым қазақ әдебиеті мен мәдениетінің болашағы үшін білікті мамандар даярлауға ерекше еңбек сіңірді. Ол 30-дан астам кандидаттық диссертацияға жетекшілік етіп, шәкірттер тәрбиеледі. Мекемтас Мырзахметұлы «Абай» энциклопедиясы мен М.Әуезовтің 20 томдық, 50 томдық шығармалар жинағын дайындауға белсенді атсалысты.
Қазақ әдебиеті мен руханиятының асқар тұлғасы Мекемтас Мырзахметұлының орны ерекше. Оның артында қалған ғылыми мұрасы мен еңбектері елдің мәдени-рухани дамуына әлі де ұзақ жылдар бойы қызмет ететіні сөзсіз.
Марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Алла тағала марқұмның рухын пейіште шалқытсын!Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы
