ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ, МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚТЫҢ ЛАУРЕАТЫ, КӨРНЕКТІ АҚЫН ТЕМІРХАН МЕДЕТБЕК 80 ЖАСТА

Кеше Алматыда қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, ақын Темірхан Медетбектің 80 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Мерейтойлық кешке белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, мәдениет өкілдері, әдебиетсүйер қауым жиналды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов ақынның шығармашылығы жайында жылы лебіз білдіріп, оның қазақ әдебиетіндегі айрықша орнын атап өтті. Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, мерейтой иесіне табыстады.

«Темірхан Медетбек – қазақ поэзиясының ірі тұлғаларының бірі. Оның шығармашылығы – ұлттық рух пен тарихи сананың жарқын көрінісі. Ақынның әрбір жыры – терең ойға, көркемдікке, ұлттық рухқа толы. Оның «Көк түріктер сарыны» атты туындысы қазақ поэзиясына жаңа бағыт әкеліп, ұлттық мұратты жаңа деңгейде жырлауға жол ашты. Ол поэзияға тың серпін беріп, оны жаңа биікке көтерген қаламгер. Бүгінгі мерейтой – ақын еңбегінің бағалануы ғана емес, ұлттық әдебиетіміздің мерекесі», – деді Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов.

Темірхан Медетбектің шығармалары әлемнің түрлі тілдеріне аударылып, қазақ әдебиетінің халықаралық деңгейде танылуына зор үлес қосты. Оның еңбектері ұлттық руханиятымыздың бағажетпес байлығы саналады.

Мерекелік жиында ақын-жазушылар мен зиялы жұрт ақ тілектерін арнап, оның қазақ поэзиясына қосқан үлесін жоғары бағалады.

Қазақстан Жазушылар одағының
Баспасөз қызметі

Scroll to Top