Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланыс пен әдеби ынтымақтастық жылдан-жылға тереңдей түсуде. Қос халықтың рухани сабақтастығын арттыруға бағытталған бастамалардың бірі ретінде Өзбекстаннан келген ақын-жазушылар делегациясының Қазақстанға жасаған сапарын ерекше атап өтуге болады.
Бұл сапар – бауырлас елдердің әдебиет майталмандары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Қазақстанға ат басын тіреген өзбек қаламгерлері әдеби ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастырып, екі ел арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екендерін білдірді.
Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Фарида Афруз бастаған бұл әдеби топтың құрамында:
• Усман Азим – Өзбекстанның халық ақыны,
• Кеңесбай Каримов – Өзбекстанның халық жазушысы,
• Рустам Мусурмон – Өзбекстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қарақалпақстанның халық ақыны,
• Рисолат Хайдарова – Өзбекстан Жазушылар одағы халықаралық байланыстар және көркем аударма бөлімінің бас маманы, жазушы-аудармашы бар.Өзбек қаламгерлері қазақ әдебиетіне және жалпы қазақ руханиятына зор құрметін сапар барысында ерекше айқындады. Қонақтар ең алдымен Алматы қаласындағы ұлы Абай ескерткішіне барып, тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиетіндегі орны мен оның шығармаларының өзбек әдебиетіне ықпалы жөнінде әңгіме өрбіді. Өзбек қаламгерлері Абай мұрасы қос халықтың рухани өміріндегі ортақ қазына екенін атап өтті.
Бұдан кейін қонақтар Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейіне барып, заңғар жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған құнды жәдігерлермен танысты. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы қазақ әдебиетін бүкіл әлемге танытқаны және оның туындыларының өзбек оқырмандарына да ерекше жақын екені атап өтілді.
Сапардың келесі кезеңінде делегация мүшелері Қазақстан Жазушылар одағына келіп, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтің қабылдауында болды. Бұл жүздесуде екі ел арасындағы әдеби байланыстар, шығармашылық алмасу, аударма мәселелері, бауырлас халықтардың рухани жақындығы кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің «Мен президент тағында отырғанда, өзбек әдебиеті қор болмайды» деген сөзі ерекше назарға алынды. Бұл сөз өзбек қаламгерлері үшін үлкен шабыт көзіне айналғанын атап өткен қонақтар, әдебиет пен өнерді дамыту жолында бауырлас халықтардың бірігуі аса маңызды екенін жеткізді.
Әңгіме барысында Мереке Құлкенов қазақ әдебиетінің биылғы атаулы күндеріне тоқталып, Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойының республика бойынша ерекше форматта, онлайн түрде атап өтілетінін айтты. Сонымен қатар қазақ поэзиясының ірі тұлғалары – Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза Әлі және Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығы да кең көлемде тойланатынын жеткізді.
Қаламгерлер арасындағы байланысты одан әрі нығайту мақсатында аударма мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігі айтылды. Қазақ және өзбек әдебиетінің көрнекті шығармаларын екі ел тілінде тарату, аударманы жүйелі түрде жолға қою – ортақ міндет екені баса айтылды. Осыған байланысты Жазушылар одағы бұл бағытта бірлескен жобаларды қолға алатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Мереке Құлкенов ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесе отырып, Түркістан қаласында Түркі елдері студент қаламгерлерінің халықаралық фестивалін өткізетінін, сол шараға Өзбекстаннан да қаламгерлер жіберуді ұсынатынын айтты. Бұл бастама жас қаламгерлерді қолдау, олардың шығармашылығын дамытуға тың серпін беретінін, сондай-ақ түркі әлемі әдебиетін жақындастыратын үлкен мүмкіндік болатынын атап өтті.
Кездесу барысында жас ақын-жазушыларды қолдау мақсатында Өзбекстанда арнайы жас қаламгерлердің алғашқы кітабын сериялы түрде шығару жобасы қолға алынғаны айтылды. Осы бастаманың алғашқы нәтижелері ретінде өзбек қаламгерлері Қазақстан Жазушылар одағына өздерінің жас таланттарының жаңа кітаптарын тарту етті. Бұл – жас буынды қолдау мен әдеби ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі.
Өзбекстаннан келген қонақтар қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген зор құрметтерін білдіріп, қазақ және өзбек тілдерінің бауырлас тілдер екенін ерекше атап өтті. Әдебиет арқылы екі елдің достығы нығайып, рухани сабақтастық тереңдей түсетіні жайында пікірлер ортаға салынды.Кездесу соңында Өзбекстанның халық жазушысы Кеңесбай Каримов қазақ халқына арнаған жүрекжарды өлеңін оқып, жиынға ерекше реңк берді. Оның «Қазақстаным» атты арнау өлеңі қазақ қаламгерлерінің көңілінен шығып, жиналғандар ерекше ықыласпен қабыл алды.
Әрі қарайғы бағыт Қазақстан мен Өзбекстан қаламгерлерінің ынтымақтастығы аясында ҚР Ұлттық кітапханасында «Түбі бір түркі әдебиеті» атты дөңгелек үстел өтті. Сонымен қатар осы аттас кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесіне Өзбекстанның классик жазушыларынан бастап бүгінгі күнгі жас таланттарына дейінгі ақын-жазушыларының кітаптары, сондай-ақ өзбек тіліне аударылған қазақ қаламгерлерінің кітаптары қойылған. Аталмыш жиынға қос елдің ақын-жазушылары, әдебиеттанушылары мен мәдениет қайраткерлері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов сөз алып, екі ел арасындағы әдеби байланыстың маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде қазақ пен өзбек әдебиетінің ортақ тамыры, рухани сабақтастығы терең екенін айта келе, алдағы уақытта өзбек қаламгерлерінің шығармаларын қазақ тіліне аудару және кеңінен насихаттау мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен алдағы уақытта өзбек әдебиетінің 52 авторының шығармалары аударылып, қазақ оқырмандарына ұсынылмақ. Бұл – бауырлас халықтардың әдеби байланысын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам.
Жиында сөз алған өзбек делегациясының жетекшісі, Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Фарида Афруз қазақ әдебиетіне деген терең құрметін білдіріп, аударма саласындағы ынтымақтастықтың өзбек әдебиеті үшін де үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Сондай-ақ ол өзбек жазушыларының қазақ әдебиетіне қызығушылығы артып келе жатқанын, осыған орай қазақ қаламгерлерінің туындыларын өзбек тіліне аудару жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілетінін мәлімдеді.
Өзбекстаннан келген қаламгерлер делегациясының жұмысы ертең де жалғасады. Бағдарлама аясында олар бірқатар мәдени-әдеби кездесулерге қатысып, қазақ әдебиеті мен өнерінің маңызды орталықтарына сапар жасайды.
Қазақстан Жазушылар одағының
Баспасөз қызметі
