Атырауда «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы. Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедицияның ғылыми-танымдық кездесуі өтті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен ұйымдастырылған «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы. Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедицияның кезекті кездесуі өтті.
Аталған басқосуға еліміздің белгілі ақын-жазушылары, этнограф-ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, ұлттық этнография мен рухани мұра тақырыбы төңірегінде келелі ойларын ортаға салды.
Республикалық экспедицияны Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, көрнекті қаламгер Мереке Құлкенов бастап барды. Зерттеу тобының құрамында одақ төрағасының орынбасары, белгілі ақын Қасымхан Бегманов, танымал этнограф-ғалым Ахмет Тоқтарбай, қоғам қайраткері, журналист Әміржан Қосанов, айтыскер ақын, «Зейнолла Сәнік» қорының атқарушы директоры Серік Қалиев және қор құрылтайшысы, кәсіпкер Қанат Зейноллаұлы сынды тұлғалар болды. Кездесуде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов республикалық экспедиция жұмысына сәттілік тілеп, Атырау өлкесінде жүргізіліп келе жатқан тарихи-этнографиялық зерттеулерге 85 жылдық тарихы бар оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы белсене атсалысып жатқанын атап өтті.
– Ұлтымыздың рухани-мәдени қазынасын түгендеуге бағытталған бұл игі бастама – баршамыздың ортақ міндетіміз. Жазушы-этнограф Зейнолла Сәніктің 90 жылдық мерейтойына орай жарық көретін экспедиция жинағына атыраулық ғалымдардың да еңбектері енеді деген сенімдеміз, – деді ректор.
Сонымен қатар, ректордың мәлімдеуінше, Атырау университеті гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің бір аудиториясына жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің есімі беріліп, заманауи үлгіде жабдықталып, жаңа оқу жылына дайын болмақ.
– Бүгін мен үшін аса қуанышты күн. Қазақстанның батыс өңіріндегі жетекші оқу орындарының бірі – Атырау университеті әкем Зейнолла Сәнік атындағы арнайы аудитория ашуға ниет білдіріп отыр. Бұл – ұлттық құндылыққа, этнография ғылымына деген үлкен құрметтің белгісі. Университет басшылығына, профессор-оқытушылар құрамына, жастарға әулетіміздің және қор атынан алғыс айтамын, – деді Зейнолла Сәніктің ұлы, кәсіпкер Қанат Зейноллаұлы.
Кездесу аясында жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік атындағы қор мен Қазақстан Жазушылар одағы тағайындаған көрнекті қаламгер, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов атындағы шәкіртақы Атырау университетінің көптілді білім беру факультетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып жүрген 3-курс студенті Ербекет Мағауияға табысталды.
Жиын барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамиға Таңатарова республикалық экспедиция жинағына атыраулық этнографтардың тың еңбектерін енгізу қажеттігін атап өтіп, нақты ұсыныстарын жеткізді. Ғылыми-танымдық басқосу – ұлттық рух пен тарихи зердені жаңғырту жолындағы келелі ізденістерге жол ашып, Зейнолла Сәнік сынды біртуар қаламгердің мол мұрасын жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.

Scroll to Top