
2025 жылға Ақтау қаласына «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атағын беру жөніндегі тарихи шешім аясында 5 сәуір күні Каспий теңізінің жағалауында ауқымды халықаралық мәдени іс-шараның салтанатты ашылуы өтті. Бұл — Маңғыстаудың ғана емес, күллі түркі дүниесінің мәдени кеңістігін біріктірген ерекше күн болды. Ақтауда бұрын-соңды болмаған көлемдегі мәдени думан өтіп, күн бойы Каспийдің көгілдір жағасында руханият пен өнердің көкжиегі кеңейді.
Шараның шымылдығын Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтау қаласының Түркі әлемінің мәдени астанасы атануына орай жолдаған арнайы құттықтау хатын оқып берді.
Президент өз құттықтауында бұл шешімнің бүкіл түркі әлемі үшін тарихи маңызға ие екенін ерекше атап өтті:
«Шежірелі Маңғыстау, қазыналы Үстірт аймағы – тұтас түркі өркениетінің ажырамас бөлігі. Киелі өлкеде ұлтымыздың, жалпы түркі дүниесінің сан ғасырлық рухани мұрасы сақталған. Тарихы тамырлас, дәстүрі сабақтас халықтардың ынтымақтастығын одан әрі нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз», – делінген Президенттің құттықтау хатында.
Мереке Құлкенов шара басталғаннан-ақ халықаралық жиынның бел ортасынан табылды. Ол «Дархан дала» этноқалашығында, түрлі әдеби-мәдени кездесулерге қатысып, өзге елдерден келген зиялы қауым өкілдерімен пікір алмасып, сондағы музей көрмелерінің жәдігерлерімен танысып, рухани ықпалдастықтың жаңа жолдарын ортаға салды. Әдебиет пен мәдениет арқылы халықтар арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығын айрықша атап өтті.
Халықаралық басқосуға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Венгрия сынды бауырлас елдерден мәртебелі меймандар қатысты.
Бұл мәдени басқосу – Қазақстан Жазушылар одағы үшін де үлкен маңызға ие. Мұндай ауқымды шаралар қазақ әдебиетінің халықаралық кеңістіктегі орнын бекемдеп, түркітілдес қаламгерлердің шығармашылық байланысын тереңдетуге жол ашады. Мереке Құлкеновтің бұл сапары – әдебиет арқылы рухани дипломатияны өрістетудің, түркі халықтары арасындағы достықты сөз өнерімен нығайтудың айқын үлгісі.
Айта кетерлік бір жайт – 2025 жыл ТҮРКСОЙ шеңберінде Қазақстанның халық әртісі, ұлы композитор әрі дирижёр Нұрғиса Тілендиевтің жылы деп жарияланды. Ақтауда бастау алған бұл мәдени жыл түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын кеңінен насихаттап, мәдени ынтымақтастықты жаңа белеске көтеруге бағытталғаны анық.