
2025 жылғы 27 наурыз күні Қазан қаласында өткен Татарстан Жазушылар одағының ХХ съезіне Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, белгілі ақын, «Простор» журналының бас редакторы Фархат Тамендаров қатысты.
Съездің салтанатты бөлігінде ол алғашқылардың бірі болып сахнаға шақырылып, Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов пен қазіргі заманның көрнекті ақыны Олжас Сүлейменовтің құттықтау сөздерін оқып берді.
Съезд күн тәртібінде Татарстан Жазушылар одағының жаңа төрағасын сайлау мәселесі тұрды. Дауыс беру нәтижесінде Республика Мемлекеттік кеңесінің депутаты, қазіргі төраға Ркаил Зәйдулла үлкен басымдықпен қайта сайланды.
Айта кету керек, бұған дейін Татарстан жазушыларының делегациясы Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойына арнайы қатысқан болатын. Ал Қазақстан Жазушылар одағы хатшысы Фархат Тамендаровтың Қазан қаласына сапары – қос шығармашылық ұйым арасындағы ынтымақтастықтың жаңа сапалы деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі.
Сапар барысында Фархат Тамендаров Татарстан Жазушылар одағының басшылығымен, әдеби басылымдардың редакторларымен, белгілі қаламгерлермен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Кездесулерде қаламгерлер делегацияларын өзара алмасу, үздік әдеби шығармаларды қазақ және татар тілдеріне аудару, әдеби басылымдар арасындағы шығармашылық байланыс және бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру жөніндегі нақты жоспарлар талқыланды.