
Жазушы-этнограф, ғалым Зейнолла Сәніктің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық экспедиция Ақтөбе облысында жалғасын тапты. Ұлттық рух пен мәдени мұраға негізделген бұл сапар – халқымыздың төл болмысын жаңғыртуға бағытталған игі шаралар қатарында.
Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен болған бұл игі қадам– әдебиетке бейімі бар жас буынды қолдап, олардың шығармашылық әлеуетін оятуға, ұлттық құндылықты ұлықтауға және рухани сабақтастықты сақтауға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады.
Экспедиция мүшелері алдымен ел тарихында есімі алтын әріппен жазылған Есет батыр Көкіұлының Бестамақ ауылындағы мемориалды кешеніне барып, баба рухына тағзым етті.
Сапар аясында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жергілікті ғалымдармен мазмұнды кездесу өтті. Қазақ этнографиясы мен руханиятына қатысты келелі ойлар ортаға салынып, жас буынға бағыт-бағдар берілді.

Аталған жиында Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен тағайындалған Есенғали Раушанов атындағы стипендия салтанатты түрде табысталды. Бұл марапат – университет қабырғасындағы озат студенттерге жыл сайын беріліп отыратын мәртебелі жоба. Кезекті стипендия иегері – «Қазақ тілі және әдебиеті» білім бағдарламасының 2-курс студенті Жанкеева Жанерке Дүйсенбайқызы.

Қазақтың ұлы ақыны Есенғали Раушановтың шығармашылық мұрасын насихаттау – барша әдеби қауым мен оқырманның ортақ парызы. Осы мақсатта Қазақстан Жазушылар одағы аталмыш стипендияны тағайындап отыр. Бұл – тек бір реттік марапат емес, одақтың ауқымды жобаларының бірі әрі рухани мұраға деген терең ілтипаттың нақты көрінісі.