“Рухани сапар: Батыр рухы мен ғалым ізі түйіскен жол”

Зейнолла Сәнік атындағы ғылыми-танымдық экспедиция Ақтөбе өңіріндегі киелі орындарға сапарын жалғастыруда. Бүгін экспедиция мүшелері алдымен Әлия Молдағұлованың туған жері – Бұлақ ауылына барып, батыр арудың рухына тағзым етіп, ауыл тіршілігімен танысты. Осы сапар барысында экспедицияны Ақтөбе облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова өзі бастап жүрді.

Содан кейін экспедиция Қобыланды батыр кесенесіне ат басын тіреді. Қазақ тарихында өшпес із қалдырған ер Қобыландының мәңгілік мекені – елдік пен ерліктің, батырлықтың символына айналған қасиетті орындардың бірі. Экспедиция мүшелері кесенеде болып, тарихи-мәдени маңызы зор мұрамен жақынырақ танысты.

Ғұлама ғалым Зейнолла Сәнік есімін арқау еткен бұл ғылыми сапардың басты мұраты – ұлт руханиятының мәйегін сақтау, тарихи жадымызды жаңғырту, ел есінде қалған ерен тұлғалардың өнегелі жолын насихаттау.

Қазақстан Жазушылар одағы осы игілікті істі қолдай отырып, елдік пен ерлік мұраттарын ұлықтаған бастамаға шығармашылық тұрғыда серік болуға әрдайым әзір екенін білдіреді.

Scroll to Top