
Бүгін ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Әділғазы Қайырбековтің 70 жасқа толуына орай «Ғазалғұмыр» атты шығармашылық бенефисі өтті.
Кеш барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтой иесіне арналған арнайы құттықтау хаты салтанатты түрде табысталды.
Ақынның мерейтойына орай ұйымдастырылған кешке Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, Әділғазы Қайырбековтің әдебиеттегі жолын жоғары бағалады.
Әдеби шара аясында қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Әділғазы Қайырбеков» библиографиялық көрсеткіші, «Ғазалғұмыр» жыр жинағы және «Көк дәптер» (мақалалар, сыр-сұхбаттар, ой-толғамдар) атты кітаптарының тұсаукесері ұйымдастырылды. Кітаптардың тұсауын Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов пен белгілі ғалым, академик Қансейіт Әбдезұлы кесті.
Кешті Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп өткізді. Шараға әдебиет пен мәдениет өкілдері, зиялы қауым мүшелері қатысты.