Қазақстан Жазушылар одағы мен Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының бірлескен бастамасымен жүзеге асып жатқан республикалық «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты экспедиция өз жұмысын өлкетану музейінде жалғастырды.
Экспедиция мүшелері Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне арнайы барды. Қонақтарды музей директорының орынбасары Жанна Қосалиева мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Ғани Нұрсейітов қарсы алды.

Музей қызметкері Арайлым Әскербек экспедиция мүшелеріне Тарихқа дейінгі кезең, Әулие Ата дәуірі, Қазақ этнографиясы, Тәуелсіз Қазақстан залдарын таныстырып, ондағы тарихи жәдігерлер мен мәдени экспозициялар жайлы кеңінен мағлұмат берді.
Жиынды Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облысындағы өкілі Хамит Есаман тізгіндеді.
Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы алғашқы сөз алып, экспедицияның басты мақсаты – киелі мекендерді аралау ғана емес, сол мекендердегі ұлттық құндылықтардың мәнін зерделеу екенін атап өтті. Аталған экспедицияға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан да қолдау көрсетіліп отырғаны – ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуға деген айқын көзқарасының, нақты қамқорлығының көрінісі. Ол өз сөзінде сапар барысындағы ұйымдастыру істеріне белсене атсалысқан Хамит Есаман мен Сауран Қалиевке ризашылық білдірді.
Ғалым Қалибекұлы жиын барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің экспедиция мүшелеріне арнаған арнайы құттықтау хатын оқып берді. Хатта Зейнолла Сәнік мұрасын ұлықтауға бағытталған бұл республикалық бастаманың елдік маңызына ерекше тоқталып, оның ұлттық бірегейлікті сақтау мен этнографиялық мұраны кең көлемде насихаттаудағы рөлі айрықша екені атап көрсетілген.
«Бұл ауқымды жоба – еліміздің әр аймағындағы рухани мұраны зерттеп-зерделеуге бағытталған маңызды бастама. Экспедиция жұмысы барысында аймақтардағы этнографиялық, фольклорлық құндылықтарды жинақтап, фотоальбом мен ғылыми кітаптар шығару көзделіп отыр. Бұл – ұлттық бірлікті нығайтатын, мәдениетімізді жаңғыртатын игі қадам», – делінген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтауында.
Жиын барысында сөз алған қаламгерлер мен ғалымдар:
Ұлықпан Сыдықов, академик, профессор:
– Зейнолла Сәнікпен тіршілігінде аға-бауыр ретінде араластық. Біздің ортақ мұратымыз – ұлттық рухты асқақтату еді. Ол кісінің қазақтың салт-дәстүрі мен тәлім-тәрбиесін келешекке жеткізудегі еңбегі – ұшан-теңіз.
Әрмиябек Сағындықұлы, сыншы, Алаш сыйлығының иегері:
– Зейнолла Сәніктің артында қалған 15 томдық шығармалар жинағы – қазақ руханиятына қосылған іргелі қазына.
Әбділдабек Салықбаев, жазушы, шежіреші:
– Бұл рухани сабақтастық – Ақтайлақ биден басталып, Кәрібай ақынға, одан Дәрібай молдаға, Маусымбай шежірешіге, одан кейін Бейсенғали Садықанға және Зейнолла Сәнікке дейін жалғасқан ұлы мұра. Шежіре – ұлт жадының алтын арқауы.
Серік Қалиев, ақын, қор директоры:
– Экспедицияның бір мақсаты жергілікті этнографтар мен тарихшыларды, шежірешілерді ,яғни этнограф-ғалым Зейнолла Сәніктің бүгінні ізбасарларын елге таныту, ұлтқа керекті тың дүниелерін кітап қып басып шығару. Біз батыстан үлкен олжамен оралдық, оңтүстік сапары да рухани құндылықты ұлықтаған, тағылымға толы болады деп ниеттеніп отырмыз.
Жаппар Сатылғанов, өлкетанушы-этнограф:
– Жергілікті этнографиялық жұмысты кеңейтіп, салт-дәстүр мен ғұрыптық мұраларды жинауға біз де үлес қосуға әзірміз.
Жиын қорытындысында Зейнолла Сәніктің қызы, PhD Жанат Зейноллақызы сөз сөйлеп, барша қонақтарға жүрекжарды алғысын білдірді. Ол Серік Қалиевпен бірге қатысушыларға жазушы Зейнолла Сәнікпен бірлесіп жазған «Қазақ этнографиясы» атты құнды еңбекті тарту етті. Бұл кітап – ұлттық этнографиямыздың ғылыми-танымдық негізін қаласа, рухани сабақтастықтың нақты көрінісін де паш етті.