
Қазақстан Жазушылар одағында Алматыға гастрольдік сапармен келген Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымымен кездесу өтті.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Ұлттық құрылтайда театр туралы айтқан ойлары мен тапсырмалары кеңінен талқыланды. Президент: «Театр — ұлт руханиятының өзегі. Бұл – халықтың мәдени деңгейін көрсететін басты өлшемнің бірі» – деп атап өткен болатын. Бұл пікір кездесудің негізгі тақырыбына айналып, қаламгерлер мен театр майталмандарының кең көлемді сұхбатқа негіз болды.
Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов ашып, театр мен әдебиеттің рухани үндестігіне назар аударды. Шара аясында мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Төкен Танаұлына ерекше құрмет көрсетілді.
Жазушылар одағының хатшысы Әлия Бөпежанова театр мен драматургияның қазіргі жай-күйі, сонымен қатар театр өнері туралы жазылған кітаптардың маңызы жөнінде өз ойын айтты.
Шара барысында әдебиет пен театр саласында танымал тұлғалар – Сұлтанәлі Балғабаев, Серік Асылбеков, Асылбек Ихсан, Анар Еркебай, Айгүл Үлкенбаева, Қали Сәрсенбай, Әділ Қойтанов, Нұрлан Қами сынды қаламгерлер мен өнер қайраткерлері пікірлерін ортаға салды.
Кездесуге театр директоры Сағынтай Сатыбалдыұлы Көпжасаров бастаған театр ұжымы қатысып, шығармашылық жоспарларын бөлісті.
Бұл бас қосу театр мен әдебиет арасындағы байланыс пен әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.