Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов бастаған республикалық экспедицияның кезекті сапары Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жалғасты.

Экспедиция мүшелерін оқу орнының атынан Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы , доцент Сандыбай Боранбаев қарсы алып, университет ұжымының ілтипатын білдірді.
Сапар бағдарламасы бойынша ең алдымен Мұхтартану ғылыми-зерттеу орталығына барған экспедиция мүшелеріне орталықтың жетекшісі, әдебиеттанушы Ақжол Қалшабек орталықтың ғылыми бағыттары мен жобалық жұмыстарын таныстырды. Бұл – ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұрасын жүйелі түрде зерттеуге арналған бірегей ғылыми орталық.
Келесі кезекте университет тарихын айшықтайтын музеймен таныстыру рәсімі өтті. Музей қызметкері Марал Әбдімәлікқызы оқу орнының мәдени мұрасы мен ғылыми жетістіктеріне шолу жасап, тарихи жәдігерлердің мән-маңызына тоқталды.
Сапар барысында Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов, академик, профессор Ұлықпан Сыдықов және Зейнолла Сәніктің қызы, PhD Жанат Зейноллақызын университет ректоры Ахмед-Заки Дархан арнайы қабылдады.
Кейін Сүлейменов атындағы мәжіліс залында ауқымды әдеби-ғылыми кездесу өтті. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы ашып, жүргізді. Алдымен ол Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің экспедиция мүшелеріне арналған арнайы құттықтау хатын оқып берді. Құттықтау хатта Зейнолла Сәнік мұрасын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған бұл республикалық жобаның ұлттық бірегейлікті сақтау мен этнографиялық мұраны насихаттаудағы маңыздылығы ерекше атап көрсетілген.

Одан кейін Зейнолла Сәнік атындағы Мәдениет қорының ұлт әдебиеті мен мәдениеті үшін атқарып жатқан ауқымды жобалары деректі фильмде таныстырылды.
Басқосуда алғашқы сөзді Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов алып, рухани мекен — Шымкенттің әдеби және тарихи келбетін әспеттеп, экспедицияның мәні мен мазмұнына тоқталды:

«Қаймағы бұзылмаған, тілінің тұнығы лайланбаған, әулиелердің мекені, діні мен ділі сабақтасқан Үлкен Қазақстанның кішкентай ғана Қазақиясы атанған қасиетті Шымкент өңірі – ұлт руханиятының киелі бесігі. Қилы замандарда ғалымы мен данышпанынан айырылған ел бүгінде еңсесін тіктеп келеді. Сол асылдардың мұрасын Зейнолла Сәнік сынды парасат иелері өмірге қайта әкеліп, ұрпақ санасына сіңіріп кетті. Бұл — ұлттық құндылық. Бұл — болашаққа бағытталған ізгі миссия. Біздің экспедицияның да басты мақсаты – сол мұраларды ел есінде жаңғыртып, киелі жерлердің тарихын, жергілікті шежірешілер мен этнографтардың еңбегін ұлт жадына қайта ұсыну».
Келесі сөз академик, профессор Ұлықпан Сыдықовқа беріліп, ол Зейнолла Сәніктің ғылыми тұжырымдары мен этнографиялық жазбалары жайлы өз пайымын ортаға салды.
Кездесуде университеттің жас ғалымдары өз ғылыми ізденістерін ортаға салды. Атап айтқанда, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының докторанты, Н. Назарбаев атындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектебінің оқытушысы Бекжан Көпбосынов «Қарымды қаламгер Зейнолла Сәнік прозасындағы уақыт және кеңістік» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Сондай-ақ Зейнолла Сәнік атындағы Мәдениет қорының директоры, ақын Серік Қалиев барша қатысушыларға ризашылығын білдіре отырып, экспедицияның алдағы жоспарларымен таныстырды. Оның айтуынша, келешекте этнографиялық бағытта еңбек жазған жергілікті қаламгерлердің еңбектерін жүйелеп, әр өңірдің кітаптарын шығару көзделген. Қор тарапынан оқытушылары мен зиялы қауым өкілдеріне Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнографиясы» атты еңбегі сыйға тартылды.
Басқосуда тағы бір тағылымды баяндама «Зейнолла Сәнік және Абайтану» тақырыбында жасалды. Оны Абайтану орталығының басшысы, PhD доктор, аға оқытушы Гаухар Ысқақбекқызы оқып, ғалым еңбегінің Абай ілімін зерделеудегі орнына назар аударды.
Жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағы Төрағасының кеңесшісі, белгілі ақын Әміржан Қосанов сөз алып, Зейнолла Сәніктің рухани мұрасы жайында терең ой толғады.
Шара соңында сахна төріне белгілі сатирик, жазушы Мұхтар Шерім шақырылып, оған «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы салтанатты түрде табысталды. Мәртебелі марапатты Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов арнайы табыстап, қаламгердің әдебиеттегі елеулі еңбегі мен сатира жанрына қосқан зор үлесін атап өтті.
Жиынды Зейнолла Сәніктің қызы, ғалым Жанат Зейноллақызы қорытындылап барша қатысушыларға алғысын білдірді.
Маңызды шара барысында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филология факультетінен Зейнолла Сәнік атындағы арнайы кабинет ашылатыны жария етілді. Жиыннан кейін экспедиция мүшелері жаңа кабинет орналасқан аудиторияға арнайы барып, ондағы жабдықтау және ұйымдастыру жұмыстарының барысымен танысты.