
Қазақтан Жазушылар Одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов Алматыда өткен мәдениет, спорт және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен өткізілген кездесуге қатысты.
Басқосуды Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырып, оған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысып, сөз сөйледі.
Жиын таяуда Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасын талқылауға арналды. Соның ішінде, Президенттің сөзінде аталған ұлттық идеология, мәдени мұра және қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері жайында сөз қозғалды.
Мереке Құлкенов Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан бастамаларына тоқталып, оның идеологияға, ұлттық құндылықтар мен тәрбиеге қатысты ұстанымдарына жоғары баға берді. Ол ұлт зиялыларының, әсіресе, Қаныш Сәтбаев сияқты рухани тұлғалардың ел болашағы үшін жасаған еңбектерін үлгі ете отырып, қазіргі қоғамға да сондай жанашырлық қажет екенін айтты. Нақты мысал ретінде ол XIV — XVII ғасыр арасындағы Алтын Орда мен Ноғай ордасында орын алған тарихи оқиғаларды суреттейтін «Қырымның қырық батыры» эпопеясын жаздырып алу үшін 1942 жылы Мұрын жырау Сеңгірбекұлын Қаныш Сәтбаевтың Алматы қаласына арнайы шақырып алғанын айтып, мұндай шығармалардың қазіргі таңда да кеңінен насихатталуы қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, Мереке Құлкенов 23 сәуірдің Ұлттық кітап күні ретінде белгіленуін маңызды бастама деп бағалап, кітап пен мерзімді басылымдардың қоғамдық санаға әсері туралы ой қозғады.
Өз сөзінде ҚЖО басшысы Алматы қаласында орналасқан республикалық шығармашылық одақтардың жұмысын үйлестіру мен жетілдіру мәселелеріне тоқталып, олардың ұлттық идеология мен мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен жүзеге асырудағы ролін арттыру керектігіне баса назар аударды.