Ұлт тарихының тамыры — Түркістанда

«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты экспедицияның кезекті сапары киелі Түркістан топырағында жалғасты. Қазақ тарихының алтын діңгегіне айналған бұл өлкеде экспедиция мүшелері тарихи-мәдени нысандармен танысып, өткен мен бүгіннің арасын жалғаған тағылымды кездесулер өткізді.

Сапардың алғашқы сәті Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы, ислам дінінің көрнекті өкілі – Арыстан баб кесенесіне тағзым етуден басталды. Экспедиция мүшелері қасиетті орынға зиярат жасап, баба рухына Құран бағыштап, рухани тыныс алды.

Одан кейін экспедиция мүшелері көне тарихтың куәсіндей болған Сауран қалашығына барды. Ақорданың астанасы саналған бұл мекен – ортағасырлық сәулет пен өркениеттің інжу-маржаны. Экспедиция құрамын Жазушылар одағының Түркістан облысындағы өкілі, ақын Айдар Сейдазым бастап барды. Сонымен қатар композитор, өнер зерттеушісі Бекжігіт Сердалы және тарихшы-ғалым Телман Бейсенов сапарға атсалысты. Тарихи қалашықты аралау барысында қатысушылар көне өркениет айшықтарының бүгінгі тынысына көз жеткізіп, тың деректермен танысты.

Келесі нысан – Түркістан маңындағы, есімі аңызға айналған Үкаша ата кесенесі болды. Қазақ халқының рухани әлемінде айрықша орны бар бұл киелі мекенде зиярат жасап, ата рухына құран бағышталды. Шырақшы Болат Сапарғалиев экспедиция мүшелеріне Үкаша атаның өмір жолы мен ислам дінін таратудағы орны туралы тарихи-танымдық әңгіме өрбітті.

Сапардың жалғасында экспедиция құрамы Оғызтау қорымының көне қонысына барып, тарихпен тілдесті. Бұл мекен – оғыз тайпалары мекендеген ежелгі қоныстардың бірі ретінде ғалымдардың назарында. Тарихшы Телман Бейсенов жергілікті жұртшылықтың айтуынша, келешекте бұл жерде археологиялық зерттеулер жүргізілуі мүмкін екенін атап өтті.

Экспедицияның Түркістан өңіріне жасаған бұл сапары – тек тарихи орындарды аралау емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын рухани қазыналармен қауышу, өткеннен тағылым алып, бүгінгі ұрпаққа жеткізудің игі жолы болды.

Scroll to Top