Қазақстан Жазушылар одағының Әдеби жыл қорытындысы өтт

Бүгін, 28 сәуір күні Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағының қара шаңырағы – «Әдебиетшілер үйінде» дәстүрлі Әдеби жыл қорытындысы өтті. Әдебиет әлемінің ардагерлері мен жас қаламгерлері бас қосқан бұл алқалы жиынның шымылдығын Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов ашып, жүрекжарды сөз сөйледі. Ол өз сөзінде қазақ әдебиетінің бүгінгі тынысы мен шығармашылық үдерістегі өзекті мәселелерге тоқталып, қалам ұстаған қауымға жаңа табыс пен шығармашылық шабыт тіледі.

Кіріспе сөзден кейін Жазушылар одағының 2024 жыл ішінде атқарған ауқымды жұмыстары жөнінде арнайы әзірленген бейнематериал ұсынылды. Онда бір жыл ішінде жүзеге асқан әдеби бастамалар мен мәдени жобалардың ауқымы мен маңызы көркем өрнектелді.

Шараны Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов жүргізді. Әдебиет мерекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлер мен Жазушылар одағының аймақтық өкілдері қатысып, руханият төрінен орын алды.

Жиында 2024 жылы жарық көрген әдеби туындылар мен басылымдарға әділ талдау жасалып, бір жыл ішінде әдебиетте қол жеткізілген жетістіктер мен кездескен түйткілдер жан-жақты сарапқа салынды. Қаламгерлер ұлттық руханияттың бүгіні мен болашағы жайлы келелі ой қозғады.

Әдеби жиын барысында әр жанр бойынша мазмұнды баяндамалар жасалып, әдебиеттің көкейтесті мәселелері жан-жақты талқыланды.

Әдебиет кеңестері бойынша жасалған баяндамалар тізімі:

• Проза кеңесі – Нұрлыбек Саматұлы, «Қара сөздің бәрі проза емес»;

• Поэзия кеңесі – Бақытжан Абыз, «Бүгінгі өлең өрісі: кемелі мен кемісі»;

• Орыс әдебиеті кеңесі – Василий Шупейкин, «О состоянии и некоторых проблемах развития русскоязычной литературы в Казахстане»;

• Детектив жанры – Темірболат Ахметов, «Еліміздегі детектив және фантастиканың бүгінгі ахуалы»;

• Балалар әдебиеті кеңесі – Нұрдәулет Ақыш, «Өткен жылғы қазақ балалар әдебиеті: жаңаша ізденістер үрдісінде»;

• Деректі проза – Бейбіт Қойшыбаев, «Отаншылдық сезім тәрбиесі»;

• Шетелдегі қазақ әдебиеті – Бақытбек Бәмішұлы, «Көсем әдебиеттің күміс бұлақтары»;

• Әдеби сын кеңесі – Гүлжан Орда, «Қазіргі әдеби сын мен әдебиеттану»;

• Ұйғыр әдебиеті кеңесі – Рахметжан Юсупов, «Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің кезекті жетістіктері»;

• Сатира кеңесі – Доқтырхан Тұрлыбек, «Күлгенге не жетсін, ойланған да дұрыс»; • Драматургия кеңесі – Амангелді Мұқан, «Отандық драматургияда заман тынысы сезіледі»;

• Жастар кеңесі (проза) – Айзат Рақыш, «Жастар прозасы – тірі құбылыс»;

• Жастар кеңесі (поэзия) – Еділбек Дүйсен, «Жастарға жаппас жала жоқ»;

• Аударма жанры – Айнағұл Садықова, «Түпнұсқаны түсіну – жұмыстың жартысы»;

• Қазіргі қазақ әдебиеті – Газиза Құдайбергенқызы, «Қазіргі қазақ әдебиеті: оқырман және автор».

Әдеби жыл қорытындысы қазақ әдебиетінің бүгінгі бағытын бағамдап қана қоймай, келешекке жаңа серпін беретін ұмтылыстарды айқындап берді. Бұл басқосу – қаламгерлердің рухани тұтастығын бекемдеп, ұлттық әдебиетіміздің кемелденуіне жол ашқан тағылымды күндердің бірі болды.

Scroll to Top