
Қазақстан Жазушылар одағының Әдеби жыл қорытындысының екінші күні мазмұнды шаралармен толықты. Жиында сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов екі күнге созылған әдеби жиынның мәні мен маңызын тереңірек тарқатып берді.
– Екі күнге созылған бұл әдеби жиынға атсалысқан барлық қаламгерлерге алғысымыз зор. Соңғы үш жылда қазақ әдебиетіне, қазақ жазушысына деген қоғамдық ықылас арта түсті. Ел Президентінің кітапқа деген ықыласы ерекше екеніне куәміз. Жуырда 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып жарияланып, бұл мереке Астана қаласында және барлық өңірлерде кең көлемде аталып өтті. Байқаулар ұйымдастырылып, 10 номинация бойынша үздік баспагерлерге қаржылай сыйлықтар тапсырылды. Бұл қадамдар еліміздің рухани өмірінде маңызды бетбұрыс болып отыр, – деді Мереке Құлкенов.
Төраға өз сөзінде қазіргі таңда редакторлардың беделін көтеру мәселесіне де тоқталды. Себебі сапалы кітаптың кілті – мықты редакцияда. Бұл ретте Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бастаған маңызды жобалардың қатарында қазақтың ұлы перзенті Абайдың туған күніне дейін үздік деп танылған 10 кітапты анықтап, сол арқылы “Қазақстанның ең көп оқылатын 100 кітабын” таңдау бастамасы үлгі етілді.
Мереке Құлкенов балалар әдебиетінің маңыздылығын айта келе, “Ертөстік” әдеби сыйлығының негізі қаланғанын сүйіншіледі. Ендігі жерде балаларға арналған үздік шығармалар лайықты бағасын алатын болады.
Жиында жазушы Марат Тоқашбаев әдеби жыл қорытындысына жоғары баға беріп, тіл мәселесін әдебиет арқылы шешудің маңыздылығын жарыссөзде атап өтті. Ол: – Қоғамдағы тіл мәселесі Ата заңда айқын жазылған мемлекеттік тіл мәртебесін толық түсінбеуден және қадірін сезінбеуден туындауда. Бұл бағытта әдебиеттің күші ерекше болмақ, – деді.
Жазушы Дәурен Қуат “Жұлдыз” журналының қазіргі ахуалын сөз етіп, басылымның таралымын арттырудағы ақын-жазушылардың белсенділігін арттыру қажет екенін алға тартты. Ал “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Жақып әр жанр бойынша өткен кеңестердің қорытындысына тоқталып, қазіргі замандағы нонфикшн, фэнтези, детектив жанрларына қатысты өрбіген терең пікірлерді ерекше атап өтті. Сонымен бірге, «Қазақ әдебиеті» газетіне жазылудың маңыздылығын, қазіргі таңда QR код арқылы жазылу мүмкіндігінің бар екенін жеткізді.
Драматургия кеңесі атынан драматург Алишер Рахат сөз сөйлеп, Қазақстанда Орталық Азия көлемінде жас драматургия мектебінің қалыптасқанын атап өтті. Алайда жас драматургтердің шығармалары сирек сахналанып жүргенін, бұл мәселені шешу қажет екенін қаперге салды.
Жиында поэзия кеңесінен Ақсұңқар Ақынбаба, орыс әдебиеті кеңесінен Фархат Тамендаров, балалар әдебиеті кеңесінен Елдос Тоқтарбай, “Жалын” журналының жәй күйін Құдияр Біләл, ұйғыр әдебиеті кеңесінен классик жазушы Ахметжан Ашири жарыссөзге шығып, өзекті ойларын ортаға салды.
Әдеби жыл қорытындысының екінші күнін Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы жүргізді. Шара барысында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы, «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы, сондай-ақ баспа саласына еңбегі сіңген қаламгерлерге Қазақстан Жазушылар одағы мен Баспалар ассоциациясының бірлесіп тағайындаған арнайы марапаттары салтанатты түрде табысталды. Марапаттарды Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов өз қолымен тапсырды. Сонымен бірге жиында Қазақстан Жазушылар одағы және «Сәуле-Куяш», Абдумажит Дөләтов атындағы республикалық әдеби сыйлығының дипломдары иелеріне табысталды. Сондай-ақ Одақтың жаңа мүшелеріне арнайы мүшелік билеттері табысталып, қазақ әдебиетінің сапына жаңа есімдер қосылды.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері:
1. Ақынбаба Ақсұңқар – «Жанартау» өлеңдер жинағы үшін
2. Алауханов Есберген – Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін
3. Ахметов Темірболат – Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін
4. Әбілқайыр Қанат – «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы үшін
5. Әлпейісова Камал – «Жүрегімде жасырған жырларым» кітабы үшін
6. Әріп Ғалым – «РухСана» кітабы үшін
7. Әуезов Елубай – «Жан азабындағы Бақыт» өлеңдер жинағы үшін
8. Әшірбаев Бегжан – «Айбергенов атындағы сағыныш» кітабы үшін
9. Жақыбаев Әдепхан – «Туған жер – құдіретті құт мекенім» кітабы үшін
10. Жандәулет Тұрсынбай – «Көгілдір аспан – жұмақ күн» кітабы үшін
11. Жүніс Ерлан – «Үміт жырлары» кітабы үшін
12. Қайымов Қанат – «Патшалар алқабына саяхат» кітабы үшін
13. Қамшыгер Саят – «Көңіл көктемі» өлеңдер жинағы үшін
14. Құныпияұлы Кәдірбек – «Талтүс» өлеңдер жинағы үшін
15. Құрманқұлов Бауыржан – Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін
16. Мырзахметов Алмаз – Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін
17. Назаров Шавкат – «Жиғлима, қәлбим» кітабы үшін
18. Ниетқалиева Гүлзада – «Аллажар» өлеңдер жинағы үшін
19. Нұрахметов Бекен – «Менің тағдырымдағы адамдар» эсселер жинағы үшін
20. Нұрғожаев Жақыпжан – «Кең дүние төсіңді аш, мен келемін» кітабы үшін
21. Сарин Қалқаман – «Жарығы сөнбес жалғыз жол» кітабы үшін
22. Сейдазым Айдар – «Жапырақ ғұмыр» кітабы үшін
23. Сүйінов Есенгелді – Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін
24. Токин Тұрсынбек – «Әзірбайжан – Отаным» кітабы үшін
25. Үмбетәлиев Мұхтар – «Жүректегі жазулар» өлеңдер жинағы үшін
26. Шарахымбай Болат – «Қайшылықтар дилеммасы» кітабы үшін
27. Шәкен Жәди – «Ертіс қызы» әңгімелер жинағы үшін
«Қазақстанның Құрметті жазушысы» марапатының иегерлері:
1. Ақыш Нұрдәулет
2. Аязбеков Жанұзақ
3. Әбдезұлы Қансейіт
4. Әбдірахым Нүсіпбай
5. Әрін Әміре
6. Бектемірова Нұрила
7. Бестібаев Қайрат
8. Дәдебаев Жанғара
9. Естенов Арасанбай
10. Жәнәбілов Серік
11. Кенебай Жұмаш
12. Қайырбеков Әділғазы
13. Қожахметова Мағира
14. Қорғасбек Жүсіпбек
15. Қыстаубаев Захардин
16. Сейітжан Зұфар
17. Түменбаев Қуандық
Жиынға Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының гуманитарлық факультеттерінің студенттері мен оқытушылары қатысты.
Қазақстан Жазушылар одағының Әдеби жыл қорытындысы – қаламгерлердің басын қосып, қазақ әдебиетінің бүгінгі тынысы мен болашағын айқындайтын тағылымды да маңызды басқосу ретінде есте қалды.