
2025 жылдың 27 мамырында Нархоз университетінде ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығы мен Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен көрнекті ақын, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің “АЗ и Я” кітабының 50 жылдығына арналған “Түркіславистиканың бастаулары” атты VII халықаралық конференция өтті.
Аталған тағылымды басқосуға Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов арнайы қатысып, ұлтымыздың рухани көсемдерінің бірі саналатын Олжас Омарұлының шығармашылық мерейтойымен құттықтады. Құттықтау барысында Мереке Құлкенов “АЗ и Я” кітабының қазақ әдебиеті мен түркітану ғылымындағы тарихи маңызына тоқталып, автордың жаһандық ойлау кеңістігіндегі орнына жоғары баға берді.
— Бұл шығарма – тек өткеннің шежіресі ғана емес, ұлт пен адамзат тарихының түп-тамырына терең бойлаған көркем-философиялық тұғырнама. “АЗ и Я” – Олжас Сүлейменовтің ғасырлар үнсіздігін тілге келтіріп, бабалар аманатына жаңаша жан бітірген рухани ерлігі, — деп атап өтті Мереке Құлкенов.
Конференция барысында кітаптың мәдениетаралық диалог пен тарихи жадыны жаңғыртудағы рөлі, Еуразиялық кеңістіктегі халықтардың санасын оятудағы маңызы кеңінен сөз болды. “АЗ и Я” туындысы ХХ ғасырда әдебиет пен ұлттық бірегейліктің тығыз байланысын паш еткен, ой еркіндігіне жол ашқан сирек еңбектердің бірі ретінде бағаланды.
Айта кетейік, “АЗ и Я” кітабы алғаш 1975 жылы жарық көріп, кеңестік идеологиялық қыспаққа қарамастан, түркі халықтарының төл тарихын жаңаша пайымдауға жол ашқан ғылыми-көркем еңбектердің біріне айналды. Юбилейлік мерейтой аясында Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен бұл кітап қайта басылып, жаңа ұрпаққа жол тартты.
