
2025 жылғы 3 маусым күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының және Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен көрнекті жазушы, сыншы, драматург, аудармашы Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған «Көркем сөздің бағбаны, көркем ойдың абаданы» атты дөңгелек үстел өткізілді.
Шараның алғысөзін Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы бастап, қаламгердің қазақ әдебиетіне сіңірген ерен еңбегі туралы тебірене естелік айтты.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан «Қалихан Ысқақ сөзінің сазы» атты мазмұнды баяндама жасап, жазушы тіліндегі ауызша сөз үлгілері мен тілдік табиғатқа тән ерекшеліктерді ғылыми-лингвистикалық тұрғыдан саралады.
Келесі кезекте сөз алған Қазақстанның халық жазушысы Ахметжан Ашири Қалихан шығармаларының күллі түркі әлеміне ортақ рухани мұра екендігін атап өтті. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов та өз сөзінде Қалихан Ысқақпен арадағы жылы естеліктермен бөлісіп, қаламгерлік келбетін жан-жақты саралады.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова «Қалихан Ысқақ: мінез бен стиль» атты баяндамасында жазушының шығармашылық даралығы мен тілдік-стильдік айшықтарына тоқталды.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева Қалихан Ысқақ мұрасын заманауи қоғамда оқырманмен қайта табыстыру қажеттігіне назар аударып, оның туындыларынан бүгінгі ұрпақтың алатын тағылымы туралы ой қозғады.
Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Жанар Жұмабаева «Қазақ ауызша сөзіндегі ерін үндесімі» тақырыбында баяндама жасап, қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарын сөз етті.
Институттың бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Нұргелді Уәли және жас зерттеушілер — кіші ғылыми қызметкерлер Қымбат Слямбек («Қалихан Ысқақ әңгімелері негізінде қазақ тілінің дәстүрлі сөзсаптамының грамматикалық белгілері») пен Ұлбану Кемелхан («60–90 жылдардағы қазақ орфоэпиясы») өз баяндамаларында Қалихан прозасындағы тілдік ерекшеліктер мен ұлттық сөйлеу дәстүрлерін лингвистикалық тұрғыда саралады.
Сөз соңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Сейфолла Оспанов сөз сөйлеп, жазушы мұрасының әдебиет пен ұлттық дүниетанымдағы маңызына ерекше тоқталды.
Қалихан Ысқақтың бай шығармашылық мұрасын жаңа қырынан тануға бағытталған бұл ғылыми-рухани шара қаламгер еңбегіне құрмет пен тағзымның айғағы болды.
