Алматы қаласының Орталық мешітінде осындай атаумен зиялы қауым өкілдерінің пікіралмасу жиыны өтті. Жиынның өтуіне Қазақстан Жазушылар одағы және Алматы Орталық мешіті мұрындық болды. Шараға қаламгерлер, қала әкімдігінің өкілдері, имамдар, ҚМДБ және БАҚ өкілдері, сонымен қатар, өзге де азаматтар қатысты. Жиынды исламтанушы ғалым, ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр жүргізіп отырды.

Пікіралмасу жиынының алғашқы кіріспе сөзін айтқан Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов: «Бүгінде ақтық сапарға шығарып салу ісінде бірқатар бәсекелестік орын алып келеді. Осы тұрғыда мүфтияттың ас беруге қатысты арнайы құжат қабылдауы дер кезінде жасалған әрекет деп білемін. Қоғамда ас беру мәдениетін қалыптастыру – кезек күттірмейтін міндетке айналып отыр. Бүгін осы мақсатта жиналып отырмыз. Жиында тақырыпқа қатысты ұсыныстарды тыңдап, ой пікірімізді ортаға салайық», — деп атап өтті.
Сонымен қатар Астанадан арнайы келген, ҚМДБ-ның «Дін мен Дәстүр» бөлімінің басшысы Нұрбек Есмағанбет еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізіп, ас беру тәртібін бірізділікке түсіруге қатысты өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу және марқұмды шығарып салу рәсімін бірізділендіру» тақырыбында арнайы баяндама жасаған бас имам Төлеби Дәділұлы: «Адам баласы тірі күнінде ардақты болғанындай қайтыс болғаннан кейін де сый-құрметін жоғалтпайды. Сондықтан марқұмды құрметтеп, лайықты түрде шығарып салу артында қалғандарға аманат. Өкінішке орай, осы рәсімді қоғамда әртүрлі негізсіз дүниелердің араласуымен атқарып жүргеніне куә болудамыз. Сол үшін марқұмды ақтық сапарға ҚМДБ қабылдаған құжат негізінде, шариғатқа және салт-дәстүрімізге сай шығарып салу тәртібін бекітуді ұсынамын. Бұл – жерлеу рәсімдерін бірізділікке салар еді», — деді. Сонымен қатар Төлеби Оспан қонақ асын үйде беру, жаназа намазын мешіт ауласынан шығару, ас дастарханын ҚМДБ бекіткен мәзірге сай өткізу және басын қарапайым етіп көтеру мәселесін қозғады.
Жиын барысында ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр «Ас берудегі дін мен дәстүр сабақтастығы», журналист, ҚМДБ жанындағы Ақсақалдар алқасының мүшесі Марат Тоқашбаев «Ас берудегі ысырапқа жол бермеу» тақырыбында баяндама жасап, ас беру және марқұмды шығарып салу рәсімдеріндегі бірқатар мәселелер жөніндегі пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Кәдірбек Сегізбай «Мұсылмандық – бұл, біздің рухани болмысымыз. Ол салт-дәстүрмен, біздің тарихи санамызбен сабақтасуы қажет, бұған қоса шариғат жолын да ұмытпауымыз қажет. Мен бұған дейін де еліміздің ақпарат құралдарында ас беру мәдениетін бір жолға қою жөнінде бірнеше мәрте мақалалар жазған едім. Рас, діни басқарма біраз қозғалыс жасап, осы төңіректе бірқатар шаралар атқарып жатыр. Дегенмен, халықтың садақаны той секілді өткізетін дарақылығына бұл тоқтау сала алмайды. Менің ойымша, дүниеден өткен адамның басын қарайтуды тәртіпке келтіру қажет. Осындай үлкен мәселелер тек Алматы қаласында ғана емес, барлық өңірлерде бар. Сондықтан, мұны бір жүйеге келтіру үшін ортақ заң не өзге шешімдер қабылдау керек шығар»,- деп атап өтті.

Бұған қоса, Қазақстанның халық жазушысы Смағұл Елубай, Филология ғылымдарының докторы, профессор Шамшәдин Керім, басқа да зиялы қауым өкілдері ҚМДБ бекіткен «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» құжатына қатысты пікірлерін білдіріп, Қазақстан Жазушылар одағы мен мүфтият бастамаларын қолдайтындықтарын жеткізді.
Қазақстан Жазушылар одағының
баспасөз қызметі
