«Қазақ әдебиеті, қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламаларындағы елеулі кемшіліктер және оларды шешу жолдары» форумының ҚАРАРЫ

«Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айырықша назар аудару өте маңызды» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында.

Қолданыстағы қазақ әдебиеті, қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламалары  туралы қоғамда сыни пікірлер көп айтылады. Әсіресе көпшілік қауым, оның ішінде ата-аналар, зиялы жұрт түсініспеушілік тудырған мәселелер төңірегінде айтып та, жазып та келеді. Дегенмен өткір сын мен тиімді ұсыныстар аяқсыз қалғаны жазушыларды да алаңдатып отыр. Осындай түйткілді тақырып төңірегінде  Қазақстан Жазушылар одағы арнайы форум өткізді.

Форумға Қазақстан Жазушылар одағының хатшылары, белгілі ақын-жазушылар, әдебиеттанушы, тіл ғалымдары, оқытушылар, оқулық авторлары, оқулық редакторлары, ведомоства және БАҚ өкілдері қатысты.

Форумға қатысушылар біздің бүгінгі ұрпақты қалай тәрбиелеп, қалай оқытып жатқанымыз, білім деңгейі, оқулық сапасы, оқу бағдарламасы, жалпы жүйе туралы  ұсыныс-пікірлерін, ой-орамдарын ортаға салып, кемшіліктер мен артықшылықтарды салыстырды, мәселені шешудің оңтайлы жолын  көрсетті.

 Алқалы жиынға қатысушылар төмендегідей  нақты ұсыныстарды тілге тиек етіп, осы қарарды қабылдады:     

   Бірінші, қазақ әдебиеті оқулықтары арқылы таныстырылып жүрген Абай мұрасы дара пән дәрежесіне көшсін. Бүгінгі таңда «Абайтану» тек қосымша пән (факультатив) есебінде ғана оқытылады, сондықтан, ол жалпыға бірдей оқуға міндетті жеке пәнге айналсын;

     Екінші, оқулық авторлары әрбір сыныпта дерлік шетел әдебиетінен бір қаламгердің туындысын ұсынып жүр. Бұл әлем әдебиетіне  қол созған қазақ баласын қанағаттандырмайды. Сол үшін ұлттық мектептерге «Әлем әдебиетін» пәнін енгізу керек;

      Үшінші, ұлт мектептерінде (орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік) «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінің сағаты бұрынғыдай бөлініп, қазақ тілі жеке пән ретінде, қазақ әдебиеті дербес пән сапасында оқытылсын;

    Төртінші, «Қазақ тілі» пәні оқулықтарын саяси сипаттан алыстатып, ел саясаты мен әлемдік саяси ахуалдарды кірістіретін теорияны тереңдетіп оқытқан жөн;

   Бесінші, Ұлт сыныптарында да, қазақ мектептерінде де қазақ тілінің теориясы жіті назарға алынып, қазақ тілі оқулықтарына ғылыми бірізділікке түскен тілдің теориясы қайтарылып берілсін;

     Алтыншы, баспаларға берілген оқулық шығарудың авторлық құқығы тек Оқу-ағарту министрлігінің құзіретінде болып, сараптамалық комиссия құрамына Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері енгізілсін;

   Жетінші, оқулық жазуда ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отандық мәдениет пен әдебиетті насихаттау басты талап болып бекітілсін;

    Сегізінші, жалпы оқулыққа енетін көркем әдебиеттерді Қазақстан Жазушылар одағы бекітіп беретін болсын;

    Тоғызыншы, Ахмет Байтұрсынұы мен Халел Досмұхамедов негізін салған емле жобасы көпшіліктің талқыға салынсын;

    Оныншы, мектептерде қазақ тіліндегі әдеби басылымдарды жаздырып алу бір жүйеге  келтірілсін. Барлық мектеп кітапханаларында қазақ тіліндегі әдеби басылымдардың болуы қамтамасыз етілсін;

    Он бірінші, қолданыстағы мектеп бағдарламаларына түзетулер мен толықтырулар енгізіліп, жаңадан жасақталып, қоғамдық талқылауға ұсынылсын.

    Аталмыш қарар Қазақстан Жазушылар одағының мерзімді басылымдарында, әлеуметтік желілерінде жарияланып, Үкіметтің, білім саласындағы мекемелер мен ұйымдардың назарына ұсынылсын.

Алматы,
15 тамыз 2025 жыл

Scroll to Top