Көңіл айтамыз!

Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қайым-Мұнар Табеевтің дүниеден өтуіне байланысты марқұмның жақындары мен туыстарына, барша оқырман қауымға қайғырып көңіл айтады.

Белгілі жазушы-публицист Қайым-Мұнар Тұрдақынұлы — Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қазақстан Жастар Одағы және Қазақстан Журналистер Одағы сыйлықтарының лауреаты. Шығармашылық жолын 1981 жылы республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі Ұлан») газетінен бастап, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» , «Егемен Қазақстан» газеттерінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі міндеттерін атқарды. Ол Желтоқсан оқиғасы жайында ең алғашқы болып басылым беттеріне мақала жариялаған қаламгер.

Жазушының «Шырқа, керней» («Жалын», 1983), «Ар өлшемі» («Жалын», 1984), «Қатарда жүр қарт солдат» («Қайнар», 1985), «Халық қалаулылары» («Қайнар», 1987), «Байғазы» («Жалын», 1989), «Алматы. Желтоқсан – 86» («Шабыт», 1991) жинақтарында деректі әңгімелері жарияланды. «ХХ ғасырдың обасы» («Қазақстан», 1989), «Үш күннің дерекнамасы» («Дәуір», «Науан хазірет» баспалары, 1993), «Мұзда жанған алау» («Дәуір», 1993), «Қайсар рухты қазақ» («Атамұра», 1994), «Қазақтың желтоқсаны» («Дайк-пресс», 2006) және өзге де кітаптары жарық көрді.

Елдің өркендеуі мен қазақ әдебиетінің, қазақ баспасөзінің дамуына үлкен үлес қосқан азаматтың иманы саламат болғай.

Scroll to Top