Экспедиция құрамы Қарағанды облысында

«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90» атты республикалық экспедицияның кезекті аялдамасы – Орталық Қазақстан аймағы. Қарағанды қаласынан басталған сапардың алғашқы шарасы Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өтіп, экспедиция мүшелері оқырмандармен кездесу өткізді.

Жиын барысында қатысушыларға Зейнолла Сәнік атындағы мәдени қор жайлы деректі фильм көрсетіліп, этнограф-ғалымның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы кеңінен сөз қозғалды. Сонымен қатар, қор атынан кітапхана қорына «Қазақ этнографиясы» еңбегі сыйға тартылды.

Сонымен қатар, Қарағанды қаласы сапарында Е.А. Букетов атындағы ұлттық университетте мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Жиынға университеттің оқытушы-профессорлар құрамы, ғалымдар, зерттеушілер және студент жастар қатысты. Кездесу барысында қазақ этнографиясының өзекті мәселелері, ұлттық құндылықтарды сақтау мен болашақ ұрпаққа жеткізудің маңызы жөнінде пікір алмасу өтті.

Экспедиция құрамы Зейнолла Сәнік атындағы мәдени қордың мақсатымен таныстырып, этнографиялық зерттеулердің қоғамдағы рөлі жөнінде сөз қозғады. Сонымен қатар, студенттер мен жас ғалымдарға этнография саласында тың идеялар ұсынып, ғылыми ізденістерге қызығушылық танытудың қажеттілігі атап өтілді.

Scroll to Top