Әдеби-сазды кешке қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, ғалымдар мен жастар қатысты.
Кеш шымылдығын Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі, жазушы Мереке Әбдешұлы Құлкенов ашып беріп, шараның мән-маңызына тоқталды.

«Бүгін біз қазақ этнографиясының еңселі тұлғасы, қаламы мен ғұмырын халқымыздың болмысын танып-білуге арнаған жазушы-этнограф Зейнолла Сәніктің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында бас қосып отырмыз. Бұл – бір адамның ғана мерейтойы емес, бұл – тұтас ұлт руханиятына және оны қызғыштай қорғап, көзінің қарашығындай сақтаған жандарға тағзым ету. Зейнолла Сәнік – халқымыздың көнеден жеткен мәдени, рухани қазыналарын жинақтап, жүйелеп, ғылыми тұрғыда саралаған, сонымен бірге көркем сөздің құдіретін этнографиялық таныммен ұштастырған тұлға. Ол – дәстүр мен әдебиеттің, тарих пен тағылымның тоғысқан тұсындағы көпір. Оның шығармалары – халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымының шежіресі, ұлт мінезін, салт-санасын танытатын айна. Ол жазған «Қазақтың тұрмыс-салт білімдері», «Табиғат тәлімі», «Дала мәдениеті туралы толғаныстар», «Қазақ этнографиясы» сынды еңбектер – тек этнографиялық туынды ғана емес, ұлт болмысын ұрпақ санасына сіңірер тағылымды мектеп»,- деп атап өтті Мереке Құлкенов.

Шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент әкімшілігі Мемлекеттік Кеңесшісі хатшылығының консультанты Қалқаман Сарин, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет және Абай облысы әкімдігінің аппарат басшысының орынбасары Ербол Алшынбай ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Абай облысының әкімі Берік Уәлидің арнайы жолдаған құттықтау хаттарын оқыды.

Кеште жазушының 90 жылдығына арналған халықаралық әдеби байқаудың жеңімпаздары марапатталып, «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы. Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедицияның қорытындысы жарияланады.
Әдеби байқаудың Бас жүлдесін «Сармерден» этнографиялық әңгімесі үшін Ғалым Қалибекұлы, 1 орынды «Қарашегір» әңгімесі үшін Айгүл Кемелбаева, этнографиялық өлеңдері үшін Нұрлыбек Қалауов, 2 орынды «Клоун» әңгімесі үшін Нұрғали Ораз, этнографиялық өлеңдері үшін Ақсұңқар Ақынбаба, 3 орынды «Бабалардың көштері» этнографиялық жыр-толғауы үшін Әбубәкір Қайран және этнографиялық өлеңдері үшін Толыбай Абылаев, Арнайы жүлдені «Желтабан» әңгімесі үшін Ерғали Бақаш, «Ердің қасы» әңгімесі үшін Қанағат Әбілқайыр, «Жылан тілін білетін бала» әңгімесі үшін Дүйсенәлі Әлімақын, «Шыманбай көкпаршы» әңгімесі үшін Көлбай Адырбекұлы, «Кеудеңде қоңыр қобыз бебеу қағар» өлеңдер топтамасы үшін Мұрат Шаймаран, балаларға арналған этнографиялық өлеңдері үшін Азамат Әбілқайыр, этнографиялық өлеңдері үшін Фатиһ Сұлтан Йылмаз иеленді.
Сонымен қатар, кеште Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі мен елімізге танымал мәдениет қайраткерлері өнер көрсетті.
