Алматыда Нұрлан Санжарұлы Сегізбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті

Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер, сценарист, кинодраматург, жазушы Нұрлан Санжарұлы Сегізбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның марқұмның отбасы мен жақындарына жолдаған көңіл айту хаты оқылды.

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, Нұрлан Санжарұлының қазақ өнері мен ұлттық руханияттағы орнына тоқталып, оның шығармашылық жолы мен адами болмысын ерекше ілтипатпен еске алды.

«Былтыр Қапшағай қаласында Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойында Нұрлан Санжарұлы Сегізбаевпен алғаш рет жүздескен едім. Сол сәттен бастап-ақ кинодағы Нұрлан мен өмірдегі Нұрланның мүлде бөлек болмыс екенін аңғардым. Экрандағы албырт, тентек бала бейнесінен өзгеше – өмірде ол өте қарапайым, ұяң, артық сөзге жоқ, жүрегі таза, ғажап бір қазақтың баласы екен.

Осыдан бір ай бұрын маған Нұрлан Санжарұлының жары Мадина келді. Ол кісінің өтініші – Нұрланның Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылдануы еді. Ол өтініші орындалды. Нұрлан Сегізбаевтың бірнеше кітаптың авторы екенін, қаламы жүйрік сценарист болғанын көпшілік біле бермейді. Бір-екі шығармасымен өзім де таныспын. Ол – көзге көп түсе бермей, өз әлемінде еңбек еткен, даңқ қуып, дабыра жасамаған, нағыз шығармашылық адамы болатын. Қазақ халқының санасында ол ең алдымен «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожа болып қалды. Бірақ бұл – оның бір ғана қыры. Нұрлан Санжарұлы қазақ руханиятына адал қызмет еткен, үнсіз еңбегімен өшпес із қалдыра білді.

Осы ауыр сәтте марқұмның жары Мадинаға, артында қалған балаларына, барша ағайын-туысына Қазақстан Жазушылар одағының атынан қайғырып көңіл айтамын. Қазақ балаларының жүрегінен «Менің атым Қожадағы» Қожа бейнесі ешқашан өшпейді» – деді Мереке Әбдешұлы.

Қоштасу рәсімінде Нұрлан Санжарұлының дүниеден озар алдында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасына жазған хаты оқылды. Бұл хат – Нұрлан Санжарұлының соңында қалған рухани аманаты секілді әсер қалдырды.

Хатта:

Құрметті Мереке Әбдешұлы!

Бірінші кезекте Сізге өнер мен әдебиет адамына көрсетіп жатқан қамқорлығыңыз үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Осы ықыласыңыз маған зор сенім мен күш берді. Рахмет!

Сізге мынадай себеппен хат жолдап отырмын: 2026 жылғы 28 қаңтарда жасым 75-ке толады. Соның 65 жылын қазақ кинематографиясы, әдебиеті мен философия ғылымындағы шығармашылық қызметке арнадым. Осы жылдар ішінде қыруар еңбек атқарылып, ғылыми зерттеулер жарияланды, көркем және құжаттық фильмдер түсірілді.

Қазіргі таңда тіршіліктің түрлі келеңсіздіктері мен денсаулыққа байланысты қиындықтарға қарамастан, өмірдің сынағына төтеп беріп, шығармашылық жұмыстан қол үзген жоқпын. Соңғы жылдардағы ең маңызды әдеби еңбегім – «Философский пароход» атты тарихи романым да аяқталуға жақын. Уақыт пен саясатты қалқан етпей, жазушы ретінде сол дәуірді шынайы жырлағаныма өзімді бақытты санаймын. Осы еңбектерімді өскелең ұрпақ елеп, бағалайды деп сенемін.

Осыған орай, Қазақстан Жазушылар одағының басшысы ретінде Сізден жазушылар, әдебиет сыншылары мен тарихшы ғалымдардан тұратын сарапшылар тобына қолжазбамды ұсынуыңызды сұраймын. Аталған романды «Жұлдыз» журналында қазақ тіліне аударып жариялауға немесе Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының (Анкара, Түркия Республикасы) редакциясына ұсынуға мүмкіндік туады деп үміттенемін. Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінде қазақ жазушыларының рухани қозғалысы аясында үлкен және кіші түркі халықтарының бірлігі туралы материал жариялаудың да реті келер деген ойдамын. Бұдан бөлек, Алтын Орданың 800 жылдығына орай жазылып, жарық көрген «Нежданный гость – Джучи» және «Бату-хан» романдарынан тұратын дилогиям бар.

2026 жылы Желтоқсан оқиғаларына 40 жыл толады. Осыған байланысты «Қызыл қар» («Красный снег») атты хикаяттар жинағым да оқырмандар тарапынан зор қызығушылық тудырды.

Құрметпен,
Нұрлан Санжар
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
философия ғылымдарының кандидаты,
кинодраматург, жазушы.

Қоштасу рәсімінде Мереке Әбдешұлы марқұмның хатта айтылған өтініштері орындалатындығын, алайда, мұны қаламгердің өзі көре алмай кеткіндігін өкінішпен жеткізді.

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы, белгілі ақын Бауыржан Жақып жүргізген қоштасу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен өнер саласының майталмандары, әріптестері, ағайын-туыстары мен өнерсүйер қауым қатысты.

Нұрлан Санжарұлы Сегізбаевтың есімі мен мол шығармашылық мұрасы қазақ киносы мен ұлттық мәдениет тарихында мәңгі сақталады.

Марқұмның иманы саламат, топырағы торқа болсын.

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

Scroll to Top