«Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің берік негізі: білім, ғылым, инновация, мәдениет»

Осындай тақырыпта Алматыдағы «Достық үйі»ғимаратында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Оған Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов бастаған қаламгерлер, ғалымдар, сарапшылар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Басқосуда конституциялық реформалардың маңызы, олардың қоғам мен мемлекеттің дамуына әсері талқыланды. Негізгі заң уақыт талабына сай жетілдіріліп, азаматтардың сұранысына сәйкес өзгеріп отыруы қажет екені айтылды.

Жиында сөйлеген Мереке ӘбдешұлыКонституциялық референдумның жай ғана саяси шара емес, мемлекетіміздің болашағын айқындайтын, халықтың еркін білдіретін тарихи қадам екенін айтып өтті.

  • Жаңа конституциялық нормалар арқылы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері күшейеді. Адам құқығы, әділеттілік, заң үстемдігі сияқты қағидаттар нақты мазмұнмен толықтырылады. Мемлекеттік басқару жүйесінде ашықтық пен жауапкершілік артады.Сонымен бірге Конституцияда азаматтардың негізгі құқықтарының бірі – сөз бостандығы айқын бекітілген. Сөз еркіндігі – демократиялық қоғамның басты тіректерінің бірі. Еркін ой айту, пікір алмасу, қоғамдық мәселелерді ашық талқылау – мемлекеттің дамуына ықпал ететін маңызды фактор. Әсіресе қаламгерлер үшін бұл құндылықтың маңызы ерекше. Себебі әдебиет пен публицистика қоғамдағы ой еркіндігінің айнасы болып табылады. Конституцияның маңызды нормаларының бірі – Қазақстан Республикасы Конституциясының 23-бабы. Бұл бап азаматтардың қоғамдық бірлестіктер құруға, оларға ерікті түрде бірігуге құқығын бекітеді. Мұндай құқықтар азаматтық қоғамның дамуына жол ашады, шығармашылық, мәдени және қоғамдық ұйымдардың еркін қызмет етуіне мүмкіндік береді. Қазақстан Жазушылар одағы сияқты ұйымдардың қызметі де осындай конституциялық қағидаттарға негізделеді. Сонымен қатар мемлекет мәдениет пен ғылымды қолдауды өзінің маңызды міндеттерінің бірі ретінде қарастырады. Рухани және ғылыми даму – елдің өркениеттік деңгейін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Әдебиет, өнер, ғылым– ұлттың рухани тірегі. Сондықтан мемлекет пен қоғам осы салалардың дамуына әрдайым қолдау көрсетуі тиіс. Қаламгерлер, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері – ұлттың ойы мен рухының қалыптасуына қызмет ететін ерекше қауым. Көркем әдебиетке еркін бойлаған, талғамы биік, парасатты азамат қана бүгінде модаға айналған хайптарға, алып қашпа сөздерге, ішкі және сыртқы қауіпті төндіріп отырған гибридті соғыстарға төтеп бере алады. Ұсынылып отырған өзгерістер қоғам мен мемлекет арасындағы жаңа қоғамдық келісімді қалыптастыруға бағытталған. Бұл – елді жаңғыртуға, саяси жүйені демократияландыруға, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жасалған маңызды қадам. Ең бастысы – бұл өзгерістердің тағдырын халықтың өзі шешеді. Референдум – демократияның ең жоғары көрінісі. Яғни елдің болашағына қатысты шешімді бір ғана билік емес, бүкіл халық қабылдайды,- деді Мереке Құлкенов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңартылған Конституция технологиялық дамуға, жасанды интеллектіні енгізуге және ауқымды цифрландыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл – еркіндігі кең, демократиялық мемлекет қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Алматыда осы бағыттағы түсіндіру жұмыстары жалғасуда: сараптамалық пікірталастар, жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардағы кездесулер, тұрғындар мен жастарға арналған диалог алаңдары ұйымдастырылып жатыр. Мемлекеттік маңызды шешімдер ашық талқыланып, кәсіби қауымдастықтың қатысуымен қаралуы аса маңызды деп бағаланды.

Scroll to Top