Абай облысында ұлы ойшыл, хәкім Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік аясындағы басты шаралар ақынның туған жері – Абай ауданында өтті.

«Абай күніне» арналған салтанатты жиынға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, халық жазушысы Төлен Әбдік, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов қатысты.
Мәулен Әшімбаев шараның ашылуында сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мерейтойға арналған құттықтау хатын оқып берді. Президент өз хатында Абай мұрасының адамзаттық маңызын атап өтіп, ақын шығармашылығын терең зерттеу мен насихаттаудың қажеттілігін айтты.
Облыс әкімі Берік Уәли де құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой биыл алғаш рет онкүндік форматында өткенін және мерекелік шаралардың ел игілігіне қызмет ететін жобалармен толыққанын жеткізді.
Салтанатты жиынға сондай-ақ әдебиет және мәдениет қайраткерлері – академик Кенжехан Матыжанов, әдебиеттанушы ғалым, Қансейіт Әбдезұлы, ақын Қасымхан Бегманов, Маралтай Райымбекұлы, жазушы Ғалым Қалибек, қаламгер Бейбіт Сарыбай қатысты.
Сонымен бірге еліміздің әр өңірінен Қазақстан Жазушылар одағының өңірлік өкілдері өз делегацияларын ертіп келді.
Мерекелік онкүндік бағдарламасы Абай ауданы мен Семей қаласында жалғасып, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, әдеби кештер, театрландырылған қойылымдар, көрмелер мен жастар форумдары ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, мерейтой аясында Абай мұрасын насихаттайтын жаңа жобалар іске қосылады.

