«Әдебиет – ізгіліктің бастауы»

Тараз қаласында әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, өлкетанушы Сәмен Құлбарақтың 70 жас мерейтойына арналған шығармашылық бенефис кеші өтті.

Әдебиет пен ұлттық руханиятты, ел тарихы мен туған жер тағылымын арқау еткен тағылымды кеш қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығын, қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан үлесін кеңінен танытуға арналды.

Кешке “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы Б.Жақып қатысып, қаламгерге Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкеновтің арнайы құттықтауы мен сый-сияпатын табыстады. Кеш барысында қарымды қаламгердің шығармашылық мұрасы кеңінен ұлықталып, «Мұхаммед Хайдар» атты тарихи романы салтанатты түрде таныстырылды.

Тарихи романда XVI ғасырдың көрнекті тұлғасы, атақты тарихшы, жазушы, қайраткер, қолбасшы Мырза Мұхаммед Хайдар бин Мұхаммед Хұсейін бин Мұхаммед Хайдардың (1499–1551) өмір жолы мен қилы тағдыры көркем суреттеледі. Автор ғалымның «Тарих-и Рашиди» шығармасын, зерттеушілердің еңбектері мен пікір-пайымдарын деректілік негізге алғанмен, әдеби шығарма табиғатына сай шығармашылық қиялға, оқиғаларды жинақтап, іріктеп, тартыс арналарын, психологиялық иірімдерді күшейтуге мән береді.

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

Scroll to Top