Алматы Наурыз мейрамын ерекше сән-салтанатпен тойлауда. Дәстүр бойынша басты концерт Астана алаңында өтуде. Таң сәріден бері мұнда шаттыққа толы атмосфера, ұлттық рух пен бірліктің айқын көрінісі сезіледі.
Алматы әкімі Ерболат Досаев салтанатты шараға қатысып, жаңару, татулық пен береке символы – Наурыздың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, мерекеге Қазақстанның Еңбек Ері, халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов және көптеген зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Көрермендерге «Алматы – Наурыз құшағында» атты ауқымды концерт ұсынылды. Онда аңызға айналған өнер жұлдыздары: «Дос-Мұқасан» ансамблі, Майра Мұхамедқызы, Жанар Айжанова, Өмірқұл Айниязов, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Жазира Байырбекова, Игорь Благородный, Төлеген Рахымбаев, «КешYOU» тобы, Диная, AyaFunk және басқа да танымал өнерпаздар өнер көрсетті.
Мерекелік шаралар 23 наурызға дейін жалғасады. Күн сайын сағат 22:00-ге дейін қала қонақтары мен тұрғындары Juldyzdy Almaty фестивалі аясында жарқын концерттерді, театрландырылған қойылымдарды, ұлттық ойындарды, түрлі перформанстар мен қолөнер жәрмеңкелерін тамашалай алады.
Алматы қаласының Мәдениет басқармасы
