2026 жылғы 10 тамызда Астана қаласында Қазақстан Жазушылар одағы мен Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Сөз өнері: Жасампаз жас қалам» атты республикалық әдеби форум өтті.

Форумның басты мақсаты жас қаламгерлердің шығармашылық әлеуетін қолдау, қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелерін талқылау, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау және әдеби ортадағы кәсіби байланысты нығайту болды.
Іс-шара қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Форум қатысушылары ақын рухына тағзым етіп, естелік суретке түсті.
Форумның негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өтті. Бағдарлама аясында салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылып, құттықтау сөздер айтылып, Қазақстан Жазушылар одағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігімен стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асырып келе жатқан «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы бойынша 2024-2025 жылдары жарық көрген жас қаламгерлердің 40 кітабы жөнінде баяндамалар жасалып, жастар әдебиетінің даму бағыты, жас қаламгерлердің шығармашылық ізденістері, әдеби ортадағы сабақтастық, бүгінгі әдеби сынның рөлі мен жауапкершілігі кеңінен талқыланды
Шараны Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ашып берді. Кіріспе сөзінде ол: «Сөз өнері – ұлттың рухани жадын сақтайтын, халықтың тарихи санасын қалыптастыратын ұлы құндылық. Ал сол өнердің болашағы – бүгінгі жас қаламгерлер. Сондықтан жас ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау, олардың әдеби ортаға еркін енуіне мүмкіндік жасау – Қазақстан Жазушылар одағының негізгі бағыттарының бірі.


Қазақ әдебиетін халықаралық кеңістікке шығару бағытында әлемдік әдебиеттің аса ірі өкілдерімен байланыс орнату ісіне ерекше мән беріп отырмыз. Биыл әлем әдебиетінің көрнекті тұлғасы, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның Қазақстанға келуі – соның жарқын дәлелі.
Мо Янның қазақ қаламгерлерімен, оқырмандармен кездесуі, әдебиет туралы пікір алмасуы – Қазақстан әдебиетінің халықаралық әдеби үдеріспен байланысын күшейтетін маңызды қадам болды. Бұл – бір жазушының сапары ғана емес, қазақ әдебиетінің әлемдік әдеби кеңістікке ашылған терезесі деп білеміз.
Сол сапар аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Төлен Әбдікті әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына ұсыну мәселесі де көтерілді. Бұл бастаманың өзі қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейдегі көркемдік әлеуетін танытуға деген ұмтылыстың көрінісі.
Осыған байланысты Қазақстан Жазушылар одағы қазақ әдебиетін халықаралық кеңістікте дамыту мен ілгерілетуге арналған арнайы тұжырымдама әзірлеу бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Бұл құжатта қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шетел тілдеріне аудару, кәсіби аудармашылар корпусын қалыптастыру, шетелдік баспалармен байланыс орнату, халықаралық әдеби фестивальдер мен жәрмеңкелерге қатысу, қазақ әдебиетінің әлемдік әдеби үдеріске ену тетіктері қарастырылуда.
Қазақстан Жазушылар одағы бұдан былай да жас қаламгерлерді қолдауға, әдеби мектептер мен шығармашылық жобаларды дамытуға, қазақ әдебиетін әлемге танытуға және оқырман мен қаламгер арасындағы байланысты нығайтуға бар күшін жұмсайтын болады.
Біздің мақсатымыз – қазақ әдебиетін тек сақтап қалу емес, оны жаңа дәуірге алып шығу, жаңа есімдермен толықтыру және әлемдік әдеби кеңістікте лайықты орнына жеткізу», – деді.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Рустам Әли қатысты. Ол Мемлекет басшысының қаулысымен кітап оқу мәдениетін дамыту бағытында, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызының бастамасымен концепция дайындалып жатқанын айтып, одан бөлек әдебиетті қолдауға бағытталған басқа да жобаларға тоқталды.
Форум аясында Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркепке, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқановаға, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сауытбек Абрахмановқа, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайылға, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлына, жазушы, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мағира Қожахметоваға, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек Әшімжанға, т.б. сөз берілді.
Форумға Алматы, Қарағанды және Ұлытау облыстарынан келген қаламгерлер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, Астана қаласының ақын-жазушылары, әдебиеттанушылары, сыншылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Форум аясында қатысушылар Жасанды интеллект орталығына арнайы барып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің әдебиет пен шығармашылық саласындағы мүмкіндіктерімен танысып қайтты. Сонымен қатар «Өзге Epic» шығармашылық орталығында әдебиет пен мәдениет өкілдерінің қатысуымен әдеби-музыкалық кездесу ұйымдастырылып, жастар шығармашылығы мен қазіргі әдеби үдерістер төңірегінде бейресми пікір алмасу өтті.
Жиын соңында бір топ жас қаламгер Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өтті.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі
