Астанада қаламгерлер Конституция жобасын талқылады

Бүгін елордададағы Ұлттық академиялық кітапханада «Қалам мен қоғам: Конституцияның жаңа жобасына қаламгерлердің көзқарасы қандай?» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов төрағалық етіп, қаламгерлердің саяси реформа мен Конституцияның жаңа нұсқасы бойынша пікір алысуға жиналып отырғанын жеткізді.

Дөңгелек үстелде Сауытбек Абдрахманов, Шәрбану Бейсенова, Роза Мұқанова, Қуаныш Жиенбай, Есберген Алауханов, Камал Әлпейісова, Жолтай Әлмашұлы, Ұларбек Дәлей секілді қаламгерлер Ата Заңның жобасына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Жиын барысында қатысушылар Конституция жобасының негізгі бағыттары, ел дамуының болашақ бағдарлары, шығармашылық еркіндік, сөз бостандығы және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілік мәселелері төңірегінде ой бөлісті. Қаламгерлер басты құқықтық құжаттың мазмұнына қатысты өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, руханият пен заңның өзара сабақтастығына ерекше назар аударды.

Дөңгелек үстел қоғам өміріндегі маңызды реформаларды талқылауда әдеби қауымның белсенді ұстанымын айқындап, қаламгерлердің азаматтық үнін тағы бір мәрте танытты.

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

Scroll to Top