Белгілі этнограф, жазушы және ғалым Болат Бопайұлы 2025 жылдың 18 наурызында 65 жасында дүниеден өтті.

Болат Бопайұлы 1960 жылы 1 қаңтарда Қытай Халық Республикасының Алтай аймағы, Көктоғай ауданында дүниеге келген. Ол 1986 жылы Іле педагогикалық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін, 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің қазақ әдебиеті мен теориясы кафедрасында аспирантураны тәмамдаған.

Еңбек жолын Үрімжі қаласында ұстаздық етуден бастап, «Шыңжаң жастар-өрендер баспасында» редактор қызметін атқарды. Қазақстанға қоныс аударған соң, этнография саласында терең зерттеулер жүргізіп, 30-дан астам кітап жазды. Оның еңбектері қазақ халқының салт-дәстүрін, дүниетанымын, ұлттық болмысын зерттеуге арналды. «Қазақ мінезі», «Қазақ кәдесі», «Қазақы түс жору», «Бастаудан бақиға дейін», «Қазақтың гүл мәдениеті», «Қазақ наурызнамасы», «Қазақ аспан есебі» сияқты еңбектері ұлттық құндылықтарды ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарды.

Болат Бопайұлы – Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып академиясының академигі. Ол «Мәдениет үздігі» төсбелгісімен марапатталып, Қазақстан Республикасының құрметті азаматы атанған.

Оның шығармашылығы мен ғылыми еңбектері қазақ мәдениеті мен дәстүрін зерттеуге және насихаттауға зор үлес қосты. Болат Бопайұлының мол мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталады.

Қазақстан Жазушылар Одағы Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.
Алла алдынан жарылқасын, иманы жолдас болсын!

Scroll to Top