БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН ҰЛТ ӘДЕБИЕТІ

Алматыдағы «Достық үйінде» Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Ұлттық әдебиеттің болашағы» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиынды ашқан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Ғалым Қалибекұлы ұлт әдебиетін дамыту бағытында Қазақстан Жазушылар одағында жүргізіп отырған жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, биыл шығармашық ұйым мен Мәдениет және ақпарат министрлігі арасында стратегиялық әріптестік орнады. Соның аясында «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» және «ТМД елдері архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты үш маңызды бағытта жұмыс жүргізілді.

  • Қазақ әдебиетін мемлекеттік тұрғыда қолдау мен шығармашыл жастардың талабын шыңдау және ұлт тарихында өз қолтаңбасын қалдырған қаламгерлердің бұған дейін беймәлім болып келген жазбаларын жинақтауды мақсат еткен бұл атаулы жобалардың берері мол. «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» өтіп, онда еліміздің 20 өңірінен келген жас таланттар танымал қаламгердің дәрісін тыңдап, шеберліктерін шыңдады. Ал «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында әр өңірге сапарлаған ақын-жазушылар болашақ шығармаларына қажетті тақырыптарды жинақтап, қазіргі кезде тың еңбектерін жазуға отырды. Болашақта бұл жоба бойынша 20 қаламгердің кітабы басылып, оқырман қолына тиетін болады. Сондай-ақ, «ТМД елдері архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» бойынша 16 зерттеуші ТМД-ның 10 еліне барып, архив құжттарымен жұмыс істеп қайтты. Оның нәтижесі жақында қолымызға тиіп, зерттеуші ғалымдардың еңбектері кітап болып басыла бастайды, — деді өз сөзінде Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Ғалым Қалибекұлы.
    Сондай-ақ, дөңгелек үстелде Қазақстан жазушылар одағы қолға алған «Одақ мүшелігіне үміткер» жобасы туралы да айтылды. Мұнан кейін шығармашылық ұйым мен «Белес» компаниясының әріптестігі аясында жүзеге асқан роман байқауының биылғы нәтижесі туралы айтылып, ол бойынша жеңімпаз деп танылған шығармалар талқыланды. Осы жобаның басы-қасында жүрген жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбайдың айтуынша, аталған роман байқауы бүгінгі қазақ әдебиетіндегі теңдесіз бастаманың біріне айналып отыр. Жоба жеңімпаздарының кітаптары жарық көргеннен кейін оқырман сұранысы артып, баспалар ол жинақтарды екінші қайтара басып шығаруға тура келген екен.
    Дөңгелек үстелде осы бәйгенің жеңімпаздары Қанат Әбілқайыр, Мақсат Рамазан және Әлібек Байболдың тың туындылары туралы ақын, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы арнайы баяндама жасап, «Ағыраптағы аты жоқ адам», «Абыл мен Қабыл», «Мұтылған» романдарын талқылады.
  • Қазақ әдебиетіне толассыз ағылып жатқан сан түрлі бұлақ бар. Бірі еркелей келіп, бірі мінез танытып, енді бірі елеусіз келіп қосылады. Ал биыл жастары отыз-қырықтың айналасындағы үш жазушының кітабы тіпті де еленбей қалған жоқ. Қанат Әбілқайырдың – «Ағыраптағы аты жоқ адам», Мақсат Мәліктің – «Абыл мен Қабыл», Әлібек Байболдың «Мұтылған» романдары қазір әдебиетшілер аузында, әдебиетсүйер қауымның назарында жүр. Шынын айтқанда, кейінгі жылдары сәл қасаң тартып, әркім өз арнасы өзі аршып жатқан заманда әдебиет әлемінің осынша дүр сілкінгеніне сүйсінесің. Ең бастысы, үш романды да оқырман жылы қабылдады. Бұл романдар неге жұрт назарын аудартты? Ең алдымен, «Жас қалам – жаңа роман» атты жаңа бастама бастап, жас жазушылардың бір сәт жазу үстеліне байырқалап отырып еңбектенуіне мүмкіндік берген Қазақстан Жазушылар одағына алғысымыз ерекше. Шығармалар жазылып қана қойған жоқ, аз уақытта оқырман қолына тиіп, бірден игілікке айналды. Бұл қазақ әдебиетінің тамырында түрлі толқыныстар барын, медицина тілімен айтқанда, тамырлардың бітелмегенін айқын аңғартады, — деді өз сөзінде баяндамашы.
    Сондай-ақ, дөңгелек үстелде филология ғылымының докторы Қансейіт Әбдезұлы, балалар жазушысы Ділдар Мамырбай, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, ақын Жаңылхан Мәмежанқызы, филология ғылымының кандидаты Әлмира Қалиева және де басқа әдебиеттанушылар мен қаламгерлер сөз алып, қазіргі қазақ әдебиетінің дамуына қатысты ойларын ортаға салды.
Scroll to Top