
Қазақстан Жазушылар одағының жанынан «Детектив жанры кеңесі» құрылып, бүгін осы кеңестің алғашқы мәжілісі өтті.
Жиында детектив жанры кеңесінің жұмыс жоспарлары, ары қарай дамыту жолдары, кітап шығару жұмыстары талқыланды.
Детектив жанры кеңесінің Төрағасы – Ахметов Темірболат кеңес мүшелерімен, кеңестің жоспарларымен таныстырып өтті.
«Детектив жанры елімізде кенде қалған жанрдың бірі. Бұл кеңес детектив жанрындағы әдебиетті, осы жанрда жазатын қаламгерлерді қолдау үшін құрылды. Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойының аясында өткен «Кемел қаламгер» байқауының детектив жанры бойынша қалам тартатын жазушыларға ықпалы мол болды. Осындай қаламгерлерге шабыт сыйлайтын іс-шараларды көбейтуіміз керек» — деді, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов.
Жиын соңында, кеңес алдағы уақытта детектив шығармаларының бір томдық антологиясын шығаруға келісті.