

Экспедицияның екінші күнінде «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық рухани-танымдық сапар аясында Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде тағылымға толы кездесулер өтті.
Сапардың алғашқы сәті – қазақ руханиятының заңғар тұлғасы Әбіш Кекілбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Қаламгерлер мен экспедиция мүшелері жазушы рухына тағзым етіп, ұлт руханиятына сіңірген еңбегін үнсіздікпен еске алды. Бұл – Әбіш әлеміне деген құрметтің көрінісі ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының белгісі іспетті болды.
Осыдан кейін белгілі этнографтар, мәдениеттанушы ғалымдар, қаламгерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері музей ұжымының құрметті қонағы ретінде қабылданып, арнайы экскурсияға қатысты. Экспедицияны бастап барған Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов бастаған топ Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығына арналған арнайы көрме залымен танысып, заңғар жазушының өмірі мен мұрасына терең бойлады.
Сондай-ақ қонақтар «Тарих» және «Археология» экспозиция залдарын аралап, Маңғыстау өңіріндегі көне өркениет пен өлке шежіресін жаңаша қырынан тануға мүмкіндік алды. Музей ішіндегі танымдық экскурсияны тәжірибелі маман Н. Дабысова жүргізіп, әрбір жәдігердің тарихи-танымдық маңызын мазмұнды түрде баяндап берді.
Ұлттық рух пен тарихи жадыны жаңғыртуды мақсат еткен бұл кездесу – руханият өкілдері мен музей саласының тоғысқан тағылымды тұсы болды. Өткенге тағзым, бүгінге тағылым, ертеңге аманат болар бұл жүздесу экспедицияның басты мұраттарымен үйлесе түсті.