
Бүгін Алматыда белгілі қазақ жазушысы, журналист және қоғам қайраткері Еркінбай Әкімқұловқа арналған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов ашып, жүргізген шараға еліміздің белгілі тұлғалары, қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер жиналып, Әкімқұловтың шығармашылығы мен әдебиетке қосқан үлесін еске алды.
КСРО Жазушылар, Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі, әртүрлі жанрда қалам тербеген жазушының 20-дан астам көркем шығармалары жарық көрген. Олардың ішінде 2013 жылы Қазақстан Жазушылар одағының ұсынысымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығына ұсынылған «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» роман-эссесі мен атақты «Өзбекәлі Жәнібеков» өмірбаяндық романы ерекше орын алады. Сонымен қатар, Еркінбай Әкімқұловтың аударма мен театрға арналған пьесалары, радиодағы шығармалары да әдебиет сүйер қауымның жүрегінен орын алған. Еркінбай Әкімқұловтың еңбек жолы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде тілші болудан басталған. Кейіннен Алматы қалалық партия комитетінде, «Жалын», «Жазушы», «Рауан» баспаларында, «Кітап жаршысы» газетінде жауапты қызметтер атқарып, қазақ журналистикасына өзіндік үлес қосты. Оның әрбір мақаласы, очеркі халқымыздың өмірін, мәдениеті мен әдебиетін терең танытуға бағытталды.
Алғы сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов, Еркінбай Әкімқұловтың әдебиеттегі еңбегіне тоқталып өтті. Құлкенов мырза өз сөзінде: «Біз бүгін қазақтың ұлы жазушысы Еркінбай Әкімқұлов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатудамыз. Әлемде «Жазушылар ауылда туып, Парижде қайтыс болады» деген сөз бар. Біздің қазақ жазушылары да ауылдан шыққан, бірақ бәрі Алматыға келді. Болашақ жазушылар бір пәтерден екіншісіне көшіп жүріп, осында өмір сүріп, шығармаларын жазды. Мұның бәрі бекер емес. Төле би, Абай және Шевченко көшелері – біздің жазушылардың көпшілігі тұрған ерекше, қасиетті орындар. Сондықтан бұл көшелер біз үшін ерекше және қасиетті» деп, қаламгердің Алматы қаласында өмір сүріп, әдебиетке қосқан үлесі туралы тебірене айтты. Еркінбай Әкімқұлов өмірінің соңғы жылдары негізінен романдар жазумен айналысқан. Олардың ішінде өзінің досы Шәмші Қалдаяқовқа арналған көлемді романы ерекше орын алады. Екі қаламгер жақын дос болып, жиі кездесіп, бір-бірінің үйіне қонаққа барып тұрған. Әкімқұлов өз шығармашылығында материалдарды өте мұқият жинаған. Мысалы, «Құрман Ата» кітабын жазу үшін ол Түркістан облысының ауылдарын аралап, мәліметтер жинап, ақсақалдармен әңгімелескен. Осындай ізденіс – оның шығармашылығындағы ерекшелігі болды. Сондай-ақ, салтанатты жиында Еркінбай Әкімқұловтың ұлы Құрман Әкімқұлов әкесі туралы естеліктерімен бөлісіп, оның қайырымды әрі қарапайым адам болғанын айтып өтті. Әкесі қиын жылдарды өткерсе де, әкесінің жолын өзі де жалғастырып, сондай-ақ оның балалары Ернар мен Ғабиден де ата жолын қуып жүргенін жеткізді.Сөз кезегінде Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, «Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпішевтер өз естеліктерімен бөлісіп, Еркінбай Әкімқұловтың жарқын бейнесін еске алды.
Бұл ескерткіш тақта Еркінбай Әкімқұловтың шығармашылығына, өмірлік ұстанымына және мәдениетке қосқан елеулі еңбегіне деген құрмет белгісі. Қазақ руханиятына айтарлықтай үлес қосқан бұл тұлғаның есімі ел жадында мәңгі сақталады.