ЕУРАЗИЯЛЫҚ ӘДЕБИЕТ КЕҢІСТІГІНДЕ ЖАҢА БЕЛЕС

Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов Әзірбайжан Республикасынан келген шығармашылық делегацияны салтанатты түрде қабылдады. Құрамында тележүргізуші, режиссер, Әзірбайжанның еңбек сіңірген әртісі Рафик Гашимов пен ақын, Әзірбайжан Жазушылар одағының хатшысы Салим Бабуллаоглу бар делегация рухани әріптестік орнату мақсатында арнайы келген. Сонымен қатар кездесуге Еуразия және Африка халықтары Ассамблеясының Әдеби кеңесінің төрағасы, ақын Маргарита Аль құрметті қонақ ретінде қатысты.

Кездесу барысында Маргарита Аль Еуразия және Африка халықтары Ассамблеясының жұмысы жайлы кеңінен тоқталып, бұл ұйымның әдеби ынтымақтастық пен мәдени ықпалдастыққа негізделген кең ауқымды жобалармен айналысып келе жатқанын айтты.

«Біздің Ассамблея – жаһандық әдеби және рухани интеграцияны көздейтін ұйым. Бастапқы штаб-пәтеріміз Нигерияда орналасқан, кейін Түркия мен Мәскеуден өкілдіктер аштық. Қазір біз Қазақстанмен де әдеби-мәдени байланыс орнатып, нақты жобаларды жүзеге асыруға ниеттіміз. Біз Бүкіләлемдік жазушылар қауымдастығымен бірлесіп түрлі елдерде әдеби кештер ұйымдастырдық. Қауымдастық аясында өткізілген халықаралық байқауларда поэзия мен проза жанрлары бойынша орыс, ағылшын, араб және испан тілдерінде үздік шығармаларды анықтап, төрт лауреатты марапаттадық. Қазақтың көрнекті қаламгері Олжас Сүлейменовпен де тығыз байланыстамыз. Олжас Сүлейменовтің кітаптары біздің ұйымның қолдауымен бірнеше елде жарық көрді», — деді Маргарита Аль.

Ол өз сөзінің соңында Ассамблея тарапынан жарық көрген әдеби басылымдарды, соның ішінде халықаралық Ливт журналын Мереке Құлкеновке естелік ретінде табыстады.

Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов делегация мүшелерін Қазақстанға қош келдіңіздер деп қарсы алып, әдебиеттер мен мәдениеттер тоғысында жаңа көпірлер салудың маңыздылығына тоқталды.

«Сіздердің ұйымдарыңыздың ауқымды жобалары мен әлемнің түкпір-түкпіріндегі әдебиет өкілдерін біріктірудегі еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз. Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы рухани байланысты жаңа деңгейге шығаратын нақты жобаларды бірге жүзеге асыруға дайынбыз. Ассамблея мен Бүкіләлемдік жазушылар қауымдастығының қызметі — бүгінгі заманның әдеби дипломатиясына айналып отыр. Біз де өз тарапымыздан бұл бастамаларға толық қолдау білдіреміз», — деді Мереке Құлкенов.

Кездесу аясында еліміздің белгілі күйші-композиторы Шәміл Әбілтаев қонақтарға арнап “Тұран” күйін орындап, ұлттық өнердің терең мәнін жеткізді. Сонымен қатар Простор журналының бас редакторы Фархат Тамендаров делегация мүшелеріне журналдың соңғы санын тарту етіп, болашақта әдеби ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендігін жеткізді.

Шара соңында Мереке Құлкенов ақын, Әзірбайжан Жазушылар одағының хатшысы Салим Бабуллаоглуды Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдап, ресми мүшелік билетін табыстады. Сондай-ақ Маргарита Альге қазақы дәстүрмен камзол жауып, әдебиетке қосып жүрген үлесі үшін алғыс білдірді.

Scroll to Top