Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сайт Юсуф Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновті арнайы қабылдады

Төраға бастаған делегацияда Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы мен кеңесшілері — Әміржан Қосанов және Қанат Сәнік болды.

Қабылдауда сөз бастаған Сайт Юсуф Қазақстан Жазушылар одағы басшысын қонақ ету үлкен мәртебе екенін жеткізді.

«Сіздерді ТҮРКСОЙ шаңырағында қонақ ету – бүкіл Қазақстан жазушыларын, әдебиет майталмандарын күтумен тең. Қош келдіңіздер! Сөзімді бастамас бұрын сіздерді биыл жыл соңына қарай Түрікменстанда өтетін ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының дәстүрлі кеңес отырысына шақырамын. Ол жерде түркі мемлекеттері Жазушылар одағының Төрағалары болады. Ұсыныс-тілектеріңіз болса, сол жерде талқыланады. Ал одан кейінгі басқосуымыз 2025 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы Ақтауда өтеді. Ол кезде сіздермен бірлесіп, басқосу ұйымдастыратын боламыз», — деген ол талап-тілектерді тыңдауға дайын екенін жеткізді.

Сайт Юсуфтан соң Мереке Құлкенов түркі әлемі жазушыларын насихаттап, таныту үшін өзгеше ой қозғады.

«Мәселен түркі әлемі жазушыларының ішінде «Нобель» сыйлығын алған тек Орхан Памук. Оның кітаптары бірнеше тілге аударылды. Сол үшін де танымал. Осы іспеттес көптеген талантты жазушыларымыз бар. Солардың кітаптарын түрлі тілдерге тәржімаласақ, бірнеше «Орхан Памукты» жасап шығара аламыз. Қазақстандағы жазушылардың туындыларын түрік тіліне, ал Түркиядағы жазушылардың шығармаларын қазақшаға аударсақ, сол кезде ғана бір-біріміздің әдебиетіміз, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден хабардар болып, жақыннан тани түсеміз», — деді М.Құлкенов.

Одақ Төрағасының бұл сөзін қос қолдап құптайтынын айтқан Сайт Юсуф түркі тілдес елдердегі жас жазушылар арасында жарыс өткізуді ұсынды.

«30-35 жасқа дейінгі жастардың арасында арнайы тақырып беріп, оларға белгілі бір бағытта шығарма жазғызуға болады. Не болмаса өздерінің дайын туындысынан да дода ұйымдастыра аламыз. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық беріп, әрі кітабын тәржімалап, жарыққа шығаруға болады», — деген ой айтты.

Екі жарым сағатқа созылған кездесуге екіжақты көптеген жоба ұсынылып, жан-жақты талқыланды. Сайт Юсуф қонақтардың қабылдауға келгеніне алғыс білдіріп, ақ жол тіледі.

Бұл басқосудан кейін делегация Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры, Түркия Жазушылар одағының Төрағасы Мұса Казым Арыжанның қабылдауында болды. Басқосуда Анкара әлеуметтік ғылымдар университеті мен Қазақстан Жазушылар одағы және Түркия Жазушылар одағы 2 меморандумға қол қойылды. Меморандумда екіжақты іс-шараларды ұйымдастыру шарттары мен жайлары көрсетілген. Мұса Казым Арыжан мұндай меморандумға алғаш қол қойып отырғанын, және ол Қазақстан болғанына өте қуанышты екенін атап өтті.

«Біз дәл қазір Қазақстан Жазушылар одағымен үлкен құжатқа қол қойып отырмыз. Осыдан кейін Қазақстандағы жазушылар, әдебиетшілер, зерттеушілер және университеттермен жұмыс жүргізер болсақ, Қазақстан Жазушылар Одағымен байланыса отырып ұйымдастырамыз. Алда істелетін шаруа шаш етектен. Түркі әлемі үшін бірлесіп, алда көптеген жұмыс жүргізетін боламыз. Мен өте қуаныштымын. Сәттілік тілеймін! Рахмет сіздерге!», — деп М.К Арыжан бауырлас елге деген құрметінің шексіз екенін жеткізді.

Мұса Казым Арыжан сондай-ақ бас қосу өтіп жатқан шаңырақтың маңыздылығына тоқталды.

«Бұл киелі қара шаңырақ — сонау Түркия Республикасы құрылған шақтағы лидеріміз Мұстафа Кемал Ататүрік министрлердің басын қосқан киелі ордасы. Алғашқы министрлер үйі десек болады. Дәл қазір сіздер Түркияның жүрегі – Анкарада, Анкараның жүрегі – Ұлыс ауданындасыздар. Бұл жер – республикамыз құрылған жылдары мәжілістердің орналасқан, ел үшін маңызды шешімдер қабылданған жер. Сол үшін де сіздерді осы қарашаңырақта қабылдауды жөн көрдім. Біз үшін сіздерді осында күту – үлкен мәртебе», — деген ол проректордан бастап, Түркия Жазушылар одағының мүшелерімен таныстырды.

Мереке Құлкенов те өз орынбасары Ғ. Қалибекұлы мен Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының кеңесшілері – Ә. Қосанов және Қ. Сәнікті арнайы таныстырып өтті.

Scroll to Top