Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Құмарованың 90 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.
Кешке Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орныбасары Ғалым Қалибекұлы бастаған жазушылар, әдебиеттанушылар, мәдениет және өнер саласының өкілдері қатысты.





Жиын барысында Шәрбану Құмарованың тағылымды ғұмыры, әдебиеттегі қалыптасу кезеңдері мен шығармашылық мұрасы кеңінен сөз болды. Қаламгердің қазақ әдебиетінің дамуына сіңірген еңбегі, ұлттық сөз өнеріне қосқан өзіндік қолтаңбасы туралы мазмұнды пікірлер айтылды. Жазушының замандастары мен әріптестері оның адами болмысы, шығармашылық ізденістері және әдеби ортадағы орны жайында естеліктерімен бөлісті.
Ұлттық кітапхана қорынан жасақталған арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрме сөрелерінен Шәрбану Құмарованың әр кезеңде жарық көрген кітаптары, мерзімді басылымдарда жарияланған шығармалары мен мақалалары, сондай-ақ қаламгердің өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеу және танымдық материалдар орын алды. Көрме жазушының әдеби мұрасын оқырманға кеңінен таныстырып, оның шығармашылығының уақыт пен ұрпақ арасындағы рухани сабақтастығын айқындай түсті.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі
