

Бүгін Қабиболла Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік» атты республикалық экспедициясы аясында маңғыстаулық қаламгерлермен, мәдениет пен руханият өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов ашып, экспедицияның мақсатын қысқаша таныстырды. Атап айтқанда, бұл сапардың мақсаты – өңірлерді аралап, ұлттық құндылықтарды жинақтау, этнографиялық мұраларды зерделеу, жергілікті ғалымдар мен өлкетанушылардың еңбектерін насихаттау екенін атап өтті. Жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау өңірінің көрнекті ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көмек Ыбырайұлын 75 жасқа толуымен арнайы құттықтап, иығына шапан жапты.
Кездесуде бірқатар баяндамалар тыңдалды. Ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Күзембай Ерғалиев Адай жылқысы туралы ғылыми деректерді ұсынса, облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар қажы Елжанов «Маңғыстау хазіреттері» жобасының мәнін түсіндірді.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов жергілікті ғалымдар мен өлкетанушылардың еңбектерін Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры арқылы жариялау мүмкіндігі бар екенін айтты.
Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттаудың нақты жолдары жөнінде пікір алмасты.