МАҢҒЫСТАУДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯ ЖАЙЛЫ БРИФИНГ ӨТТІ

МАҢҒЫСТАУДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯ ЖАЙЛЫ БРИФИНГ ӨТТІ
Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығында «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік» атты республикалық экспедиция аясында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған арнайы брифинг өтті. Тікелей эфирде ұйымдастырылған бұл іс-шараға зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен зерттеушілер қатысты.
Баспасөз жиынына Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы, Мереке Құлкенов, этнограф-ғалым Ахмет Тоқтабай, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының құрылтайшысы, ҚЖО төрағасының кеңесшісі Қанат Зейноллаұлы, сондай-ақ қордың атқарушы директоры, ақын Серік Қалиев қатысып, экспедицияның мазмұны мен маңызын кеңінен баяндады. Модераторлық тізгінді Нұрдана Асқарбек жүргізді.
Баспасөз отырысында алғашқы болып сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов экспедицияның басталу нүктесі ретінде қасиетті Маңғыстау жерінің таңдалу себебін түсіндірді.
– Бұл экспедицияның қасиетті Маңғыстау топырағынан басталуы – жай таңдау емес, саналы шешім. Себебі қазақтың бай рухани дүниесін, ұлттың болмысын ең тереңнен танытатын – этнография. Ал осы саланы өмірлік мұратына айналдырған тұлғаның бірі – Зейнолла Сәнік. Ол бар саналы ғұмырын этнографияны зерттеуге арнады. Сондықтан экспедициямызды осы жерден бастаудың символдық әрі тарихи мәні ерекше, – деді ол.
Сонымен қатар жазушы бұл сапардың мақсаты – Зейнолла Сәніктің бай мұрасын, ғылыми әрі шығармашылық еңбектерін Батыс өңірлеріне таныту, халыққа насихаттау және ұлттық этнографиямызға тағы бір мәрте терең бойлау екенін атап өтті.
– Бүгінде этнография – жай өткен күннің суреті ғана емес, ол – ұлттың тамыры. Біз өткенімізге үңілмей, болашағымызды баянды ете алмаймыз. Осы ретте, Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырып отырған бұл республикалық экспедицияны қолдап, жүзеге асырып отырған – Зейнолла Сәнік атындағы қоғамдық қор екенін де ерекше атап өткім келеді, – деді Мереке Құлкенов.
Жиын барысында сөз алған белгілі этнограф-ғалым Ахмет Тоқтабай Зейнолла Сәніктің этнография саласына сіңірген еңбегіне ерекше тоқталды.
– Қазіргі таңда қазақ этнографиясына арналған оқулықтар оқу орындарында жеткіліксіз. Осы олқылықтың орнын толтырып отырған аса құнды еңбек – Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнографиясы» атты кітабы. Бұл еңбек әрбір білім беру мекемесінде болуы тиіс деп есептеймін. Оның ерекшелігі – ұлттық құндылықтарды, мәдени мұраларды, тіпті шетел қазақтарының этнографиялық қазыналарын да кең көлемде қамтуында. Қазақ халқының тарихын шетелдегі қандастарымыздың тарихы мен мәдениетінсіз толық түсіну мүмкін емес, – деді ғалым.
Баспасөз жиыны барысында экспедиция мүшелеріне бірқатар сұрақтар қойылып, пікір алмасу алаңы өрбіді. Соның ішінде этнограф-ғалым Ахмет Тоқтабайға қойылған: «Мұндай кездесулердің мәні неде?» деген сауал көптің көкейіндегі ойды дөп басты.
Ғалым бұл сұраққа тұшымды әрі терең мазмұнмен жауап берді:
– Қазақ халқының бірегей ерекшелігі – ұлан-ғайыр территорияда мекендегеніне қарамастан тілдік бірлігін жоғалтпауы. Алтайдан Ақжайыққа дейінгі аралықты алып жатқан кең өлкеде қазақ тілінің диалектісіз сақталуы – әлем этнографтарын таңғалдыратын құбылыс. Бұл – жай ғана тілдің емес, мәдениеттің, салт-дәстүр мен ғұрыптың бірлігінің көрінісі. Бүгінде сол құндылықтарды түгендейтін, жинақтап, ұрпақ санасына сіңіретін уақыт келді, – деді Ахмет Тоқтабай.
Жиын барысында Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры, ақын Серік Қалиев те сөз алып, ғалымның рухани мұрасы туралы тұшымды ойымен бөлісті.
– Биыл 90 жыл толып отырған баспагер, ғалым, этнограф Зейнолла Сәнік ұрпаққа өлшеусіз рухани олжа қалдырды. Артында қалған 15 томдық мұра – қазақ халқының мәдени болмысын, тарихи-этнографиялық келбетін айшықтайтын баға жетпес құндылық. Сол еңбектердің ішіндегі ең сүбелісі – жаңа ғана Мереке ағамыз атап өткен «Қазақ этнографиясы» атты іргелі еңбек. Бұл кітапта қазақ халқының рухани болмысы – тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүр, әдет-ғұрып, таным мен тағылым тұтас қамтылған, – деді Серік Қалиев.
Ол сондай-ақ Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының 2018 жылдан бері атқарып келе жатқан жұмыстарын атап өтті. Қор құрылған күннен бастап ұлттық әдебиет пен мәдениеттің өрісі кеңіп, көптеген игі бастамаларға жол ашылған.

Scroll to Top