«ҚАСИЕТТІ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫМ»

Болашағымызға бағыт-бағдар берген оқу орнын бітіренімізге жарты ғасырдан асса да, ҚазҰУ десе жүрегіміз жылып және байланысымыз үзілген емес. Осы қасиетті қара шаңырақтың әлемдік аренадағы орны мен соңғы айдағы келеңсіз жайттар қатар талданып, түрлі пікірлер айтылуда. Университет табалдырығын енді ғана аттаған жас қыздың өлімі, бірді бірнешеуінің қорлап ажал құштырғаны білім ордасын әлсізді әлдіге жығып беретін қатыгез ортадай көрсетіп, жекелеген басшыларына ауыр айыптар тағылуда.

Жағымсыз бұл фактілердің психологиялық нәзік салдарына үңіліп жатқан ешкім жоқ. Бізге айғай, шу қажет. Сол трагедияны күтіп отырғандай ал кеп қуана-қуана жапатармағай шулаймыз, сынаймыз, жазалаймыз. Сөйтіп өзіміздің де әлгі әлімжеттік жасап, өзгелерді қорқыту, кемсіту, күш көрсету арқылы бедел жинағысы келгендерден еш айырмашылығымыз жоқтығына титтей мән бермейміз.

Университеттегі осы өкінішті де қасыретті оқиғаларға себеп болғандардың кешегі балақай, оқушы екенін ойлап отырмын. Бір-біріне озбырлық жасауының астарында психологиялық, әлеуметтік, тәрбиелік қандай себептер жатыр екен? Мұншалық қатыгездіктің негізгі себептері өскен ортасында ма екен. Кейде сырт көзге жай ғана әзіл, келемеж көрінетін әрекеттердің түбінде ішкі қорқыныш пен үстемдікке ұмтылыс жатады. Отбасында дөрекілік пен күш көрсету қалыпты құбылыс ретінде қабылданса, бала мұндай мінез-құлықты кейін оқу орнында да қайталайды ғой.

Өзгенің жанын ауыртқанын сезінбеу, оның күйзелісіне бейжай қарау жағымсыз әрекеттерге жол ашады. Сенімсіздік пен психологиялық әлсіздік, өзіне көңілі толмайтын, бойындағы кемшілігін өзгеден көретініндер өзгені қорлау арқылы өзін жоғары қоюға тырысады.

Қатыгездік күштіліктің емес, өзгені құрметтей алмаудың белгісі. Ең өкініштісі, біреудің көз жасынан ләззат алатын адам кейде өзінің адамдық қасиетін жоғалтып бара жатқанын аңғармайды. Студенттік ортада мейірім мен өзара сыйластық болмаса, білімді ұрпақ тәрбиелеу де қиын. Ал, мұның алғы шарттарын балалық шақтан іздеуіміз қажет…

Мағира Қожахметова,
жазушы, журналист

Scroll to Top